Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2016 » Ақпан » 23 » САЗГЕН
18:51
САЗГЕН

САЗГЕННІҢ САЗДЫ ӘУЕНІ

Қазақ халқының  көне музыкалық аспаптарын зерттеудің негізін қалаған, ұлы ғалымы Болат Сарыбаевтың ғылыми тұжырымдамасының нәтижесінде және сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет Министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтың ұйытқы болуымен 1980 жылы астанамыз Алматыда «Республикалық халық музыка аспаптары музейі» шаңырақ көтерді. Көп кешікпей сол кездегі Қазақ ССР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбековтың  1980 жылдың 4 қыркүйек күнгі № 556 бұйрығымен жаңадан ашылған осы музейдің бірінші директоры болып Жарқын Шәкәрім тағайындалды.  Сол тұста Өзбекәлі Жәнібеков музейдің директоры ретінде Жарқын Шәкәрімді шақырып алып, музей жанынан «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблін ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді. Жарқын Шәкәрім өзі жұмысқа  қабылдаған музей қызметкерлерінің күшімен «Сазген» ансамблін ұйымдастыруға жан-тәнімен аянбай кірісті. 1980 жылдан бастап «Сазген» ансамблі жайлы мақалалар жарық көре бастады. Міне бүгін сіздердің назарларыңызға халқымыздың үлкен ғалымы, жазушы Нұрдәулет Ақышевтың осыдан 35 жыл бұрын, 1981 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған "Сазгеннің сазды әуені" деген мақаласын ұсынып отырмын. Өткен кезді еске алып оқи отырсаңыздар болады.

Нұрдәулет АҚЫШЕВ

САЗГЕННІҢ САЗДЫ ӘУЕНІ   «Қазақ әдебиеті» газеті, 1981 жыл.

Сонау бір ықылым заманның өксікке толы шері мен мұңын қабат өрген сыбызғы сазы адамның тұла бойын шымырлата толықсып келеді де, орындаушыға аяқ астынан қанат біткендей, кенет жұлқына шалқытып, әуелей жөнеледі. Осы сергек әуеннің өн бойындағы жігерлі лепті, жанды динамиканы өзге аспаптар да дүр сілкініп қалып, бір ырғақпен, ерекше соны серпінмен қоштай жөнелген. Көне музыкалық аспаптардың үнін тыңдап дағдыланбаған құлақтың әуелінде қай әуездің қандай аспаптан шығып жатқанын ажырата алмай, бір сәт дағдарып қалуы да әбден мүмкін. Әйтсе де, жетіген мен шертердің, үскірік пен сазгеннің сазы қазақ табиғатына жат емес, керісінше музыкалық талғамыңызбен табысып жатарына кешікпей-ақ көзіңіз жетеді. Сол сәтте жаңа ғана жұмбақтау болып басталған сырлы әуеннің табиғатына да шым-шымдап ене бастайсыз. Тпті, әрі-беріден кейін көне ішектен, немесе сыбызғы көмейінен дірілдей төгілген күй әуенін жаңылыспай, тап басып түсіне алатын боласыз.

Сол кезде ерекше бір сезіммен тебіреніп, толқи тыңдаған жаңағы саздың құлақ күйі «Көк төбел» екенін білесіз. Орындаушы – Республикалық халық музыка аспаптары музейінің жанынан құрылған «Сазген» көне халық аспаптары ансамблі.

Соңғы жылдары республикамыздың әр жерінде қазақтың көне музыкалық аспаптарынан құрылған түрлі фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер санының молайып келе жатқаны белгілі. Бұл, әрине, халқымыздың ұлттық өнері мен мәдениетінің сақталуына, келешек ұрпаққа мұра болып қалуына жасалып отырған қолайлы жағдай. Міне, осындай игі ниетпен құрылған көне халық аспаптары ансамбльдерінің бірі – осы «Сазген». Музей ашылған күннен бастап қоғамдық негізде ұйымдасқан ансамбль де көрермендерді өз өнерімен тәнті етіп келеді. Әрине, алғашқы кездерде өнерпаздардың жеке ансамлбь болып, ұйымдасуына өзіне тән қиыншылықтары болды. Оның ең бастысы ел ішінен жиналған көне аспаптарды профессионалдық деңгейде жете меңгеріп, музыкалық талғамы жоғары көрермендердің алдында өнер көрсету болатын. Ансамбльдің құрылып, өнердің жетіле түсуін Қазақ ССР Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібеков жолдас тікелей қадағалап отырды.

Бұл өнер коллективінің өзіне тән ерекшелігі қандай десек, алдымен орындаушылық мәдениетіндегі, рұлттық нақыштың айқындығын баса айтар едік. Ансамбль репертуары түгелге жуық халақ әндері мен күйлерінен тұрады. Олардың ішінде «Бекзатым», «Қыз мұңы», «Шыңырау» тәрізді қазір сирек орындалып жүрген, шығу тарихы әріде жатқан шығармалар да бар. Ықылым заманнан сақталып келе жатқан мұндай құнды дүниелердің көне аспаптарда өзіндік мәнермен орындалуы тыңдаушысын елең еткізерліктей әсерлі. Сонымен қатар, ансамбль мүшелерінің әр шығарманы бір-біріне ұқсатпай, өзінше орындауға тырысатыны да жан-жақты ізденістің белгісі болса керек. Мәселен, Байжігіттің «Көкбалақ» күйін шертетін Таласбек Әсемқұловтың, халық күйі «Қыз мұңын» үш ішекті ждомбырада орындайтын Жарқын Шәкәрімовтың өнері өзіндік өзгешеліктерімен есте қалады. Сондай-ақ қылқобызшы Ерлан Қуандықов, жетігенші Сәуле Боранбаева, дабыл мен сыбызғыда ойнайтын Оразғазы Бейсенбаев, сылдырмақ пен қылқобызды қатар меңгеріп отырған Күләндә Айтова өнерлері орындаушылық қолтаңбасымен қызғылықты.

Өз дауыстарына лайықты әндерді таңдап, таба білген әншілер Майра Ысқақова мен Қожахмет Мұсабеков халық және халық композиторлары шығармаларын сезімталдықпен орындайды. Әрине, бұл өнерпаздардың әнді кең диапозонмен еркін игеруі үшін біраз еңбектеніп, іздене түскенін қалар едік. Ансамбльдің жалғыз бишісі Ботагөз Құспанованың өнеріне көрермендер жиі қол соғып жүр. Оның өзіндік себебі де бар сияқты. Би өнерінің қыр-сырын, ең бір нәзік құпияларын әжептәуір игеріп қалған жастың қимыл-қозғалысы басқаға ұқсамайтын өзіндік стилімен тартымды. Әсіресе, қолдың саусақтарын, аяқтың ұшын музыка ырғақтарына сай қимылдата білу, бір орында тұрып билеу тәрізді би өнерінің нәзік элементтерін әсем меңгерген. «Айда былпым», «Қылышпан би», «Шалқыма» билері Ботакөздің орындауында шынайы сезімталдық танытарлықтай жатық та, көркем.

Ансамбль мүшелерінің барлығы да – осы музейдің қызметкерлері. Осындай өнер иелерін халық арасынан жинастырып, ансамбльді ұйымдастыруда, оның көркемдік деңгейін көтеруде музей директоры, әрі ансамбль жетекшісі Жарқын Шәкәрімовтың еңбегі де елеулі. Кезінде атақты әншіміз Әміре Қашаубаевтың фонографқа жазылған дауысын тауып, халқымыздың мәдениетінің тарихын зерттеуге өзіндік үлес қосқан, домбырашылық өнерімен де тыңдаушы жұртшылықты әрқашан разы етіп жүрген жас дарынның үлкен іске мұрындық болуы құптарлық.

«Сазген» –  өнер әлеміне енді-енді қадам басқан жас ансамбль. Халқымыздың көне мзыкалық мұрасы мен музыкалылық аспаптарын  насихаттау жолындағы сіңіретін еңбегі де, өнердегі табысы да әлі алда. Сондықтан да ұлттық өнеріміздің өзіндік келбетін одан әрі айқындап, нақтылай түскен талант иелеріне абыройлы сапар тілейміз.

Нұрдәулет АҚЫШЕВ

«Қазақ әдебиеті» газетІ, 1981 жыл                    

 

588 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz