Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2016 » Шілде » 4 » ПАРИЖҒА БАРҒАН ДОМБЫРА
17:11
ПАРИЖҒА БАРҒАН ДОМБЫРА

ПАРИЖҒА БАРҒАН ДОМБЫРА

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Қарағандының «Орталық Қазақстан» газетінде Оспанбай Орынтаев деген көпті көрген білгір, көсемсөзші,  майталман жорналшы ағамыз қызмет атқарды. Ол кісімен жиі-жиі хат алмасатынбыз. 1974 жылдың 7 маусым күнгі жазған хатында «Парижға барған домбыра» деген мақала жазғанын, ол мақаласы 1967 жылдың 30 қыркүйек күні «Орталық Қазақстан» газетінде жарыққа шыққанын, онда Әміреге Париж сапарында туған нағашысы Жәнібек Балғабаев деген шебердің домбыра жасап бергенін айтып, жазған хатымен қоса газетте жарияланған мақаласын да жіберген болатын. Оспанбай Орынтаевтың Әміренің домбырасы жайлы жазған сол қызғылықты мақаласын оқып ой түие отырыңыздар. 

 

Оспанбай ОРЫНТАЕВ

ПАРИЖГЕ  БАРҒАН  ДОМБЫРА

    Әңгіме еткелі отырған Жәнібек Балғабаев ақсақалдың жасы сексенде. Туып өскен ата-мекені Ақтоғай ауданының  Көрпетай-Нұратай деп аталатын тауының ең бір құйқалы өңірі. Әкесі әлсіз шаруа болыпты. Өзі де жастайынан жалшылықта болып, өмірін еңбекпен өткізіп келе жатқан қатардағы қарапайым адамның бірі.

Талантты Жәкең жастайынан талаптың тұлпарына мініп, қолы мескерлене берген. Осы кісі ағаштан түйін түйетін, темірді қамырша илейтін, он саусағынан мөрі тамған жан екен.

Оның үнемі өз шеберханасының ішінен кездестіресің. Ара, балға, балта, сүргі, түрпі, қашау, тістеуік, өңдегіш-өлшегіш бәрі-бәрі самсап тұр. Барлық аспап-құралы бабымен ұсталған. Бірін өлшеп, бірін кесіп, бірін өңдеп жатты. Бұрылар емес. Ұсақ болса да ұқсатқан заттары әрбір совхоз, мекеменің берген заказдары. Өйткені, ол осы өнері арқасында республикамыздың іргелі-іргелі кәсіпорындарында, мәдени-тұрмыстық жерлерінде көп болған. Білгір адамдармен де аралас-құралас жасап тағлым алған.

*      *     *

Күн көрістің жолын қуып, он бес жасымда, үй ішімізбен керуенге ілесіп, Семей қаласына бардық. Сонда Үкібайұлы Қаражан деген ірі саудагерге он алты жасымда жалдандым.  Осы шеберлікті де соның дүкенінде бастадым. Баста байдың кіре тартатын арбаларын, одан есік-терезе, үстел, орындығын, бара-бара әшекейлі шкаф, оюлы ағаш төсек, кебеже, сандықтарын жасап көзге түстім. Семейліктер сауықшыл ел ғой. Бір ретте әлгі байдың баласына жасап берген домбырам аяқ астынан шешен болып шығып, біреуден-біреу естіп домбыраға заказ берушілер көбеймесі бар ма?  Сонымен лезда-ақ, «ісмер бала» атандым. Біраз жылдан кейін байдан босап, Семей пароходствосына жұмысқа орналасып, Зайсан мен Тюмен арасында жүк тасуым бұғаудан босағанмен тең болды, - дейді Жәкең әңгіме ағыта.

- Одан соң, - дейміз қызыға түсіп.

- Бір күні, дейді Жәкең, - сол кездегі Семей губкомының екінші секретары Шәймерден Тоқжігітов шақырады деген соң, бардым.  Қабылдап, жылы шыраймен қарсы алды.  Мән жайды тәптіштеп сұрадым да:

- Сізді қол өнердің шебері деп отырмыз. Мына Риддерге (кәзіргі Лениногорск) өзіңдей өнерлі адамдар, әсіресе, қазақ жұмыскерлері керек болып жатыр.  Соған жіберейік деген ұйғарым  бар, оған қалай қарайсыз? – деді.

- Параходстовдағылар босатпайды ғой, әрі семья жағдайым ауыр, үйренбеген жерде істей алмаспын, - деп күмілжідім.

- Оның бәрі баланың сөзі. Қайнаған пролетариат ортасында боласың. Нағыз жағдайдың жақсысы сонда, - деді де қолыма жолдама жазып беріп, қасында отырған бір кісіге қарап, - өзіне көбірек жол-қаражат, семьясына молырақ аванс бер, - ал шырағым, жолың болсын, ісмерлігіңді көрсет, - деп қолымды алып, қош айтысты.

- Риддерде көп уақыт болып, өз туған жерім Қарағандыға 1932 жылы оралғаннан кейін, осындағы № 12 шахтада 1942 жылға дейін тіреуші болып істедім.

*    *     *

 -   Әсте естен кетпестей болып ойымда сақталып қалған бір жай, әнші     Әміре Қашаубаевпен көп уақыт бойы жолдас, сырлас, дәмдес болған кезім еді, - дегенде :

- Міне, қызық әңгіме енді шығып келеді. Бағанадан бері осыны айтсаңызшы, - деді әңгімеге араласушылар.

- Әміренің біздің үйге еркелеп келіп, салатын қолқасы да көп болатын. Сондағысы көбіне, домбыра жасатып алу. Бір күні өте қуанышты түрде, ентіге басып келді де:

- Нағашы, мен өте ұзақ сапарға шығайын деп тұрмын. Бар өнеріңді салып бір домбыра жасап бер. Срогі сегіз күн. Үні дауысыма сай келсін. Мүмкін шетелдердің біреуіне барып қалармын. Әніме де, ән жетекшісі домбырама да  көрген жұрт қызығатындай болсын, - деді Әміре әзілдей сөйлеп.

- Жаман Қашаубайдың баласына шетелдің қайсысы қызығар дейсің. Онан да, осы Семейдің жатақтарына тағы бір жаңа домбырамен көрінгің келіп тұр ғой, - дедім мен де сөз соңын қалжыңға сүйеп.

- Нағашы, наныңыз. Өтірік айтып тұрғаным жоқ. Міне Москвадан келген телеграмма, - деп бетіне баспа әріптерді жапсырған бір қағазды көрсетті.

- Рас па?

- Рас болғанда қандай.

- Ой тоба-ай, кәрі Қашаубайдың даңқы далиып кетті десеңші? – деп жездемізді мінеп-шенеп жатырмын мен де.

- Иә, жасап бердіңіз бе? – дедік.

- Иә, солай. Бар өнерімді аяғаным жоқ. Сол, мен жасаған сары домбырам айтулы әнші Әміренің жебелей тартып желдірте салған әніне арқау болғанына менің де төбем көкке жеткендей  болып еді. Өте-мөте Отанымыздың астанасы – Москва сахнасына  қазақ сахарасының ән мен күйін шек лебізімен тұңғыш жеткізген домбыра мен Әміре кімді қуантпайды. Ал одан өтіп Париж жұртшылығына барып жұдырықтай төрт ағаштан жасалған сол домбырамен қойдың бір метр шегінен естілген үн әлемге әйгілі болуы – барлық қазақ халқының қуанышы емес пе! – дейді ол мақтаныш сезіммен. Орынды мақтаныш. Тіпті Әміренің бұдан қырық екі жыл бұрын Москва мен Парижда күмбірлете шерткен домбырасын жасап береген шебермен жүзбе-жүз тілдесіп отырғанымызға  біздің өзіміз де қатты қуанып, шаттана түстік. Жәкең Әміренің мінезін, кескін-келбетін, ой-санасын, жүріс-тұрысын, әсіресе, әншілігін айтқанда, бізді оның әрбір сөзі мейірлендіріп жіберді.

- Әміренің әнінен білетініңіз бар ма дедік.

- Әміре ән салғанда қуатты дауысы әрқашан салтанатты естілетін. Оның үні де, домбырасы да тыңдаушысын мүлдем мүлгітіп өзіне бірден ұйытып әкететін. Ғажайып дауыс иесі – Әміре домбыраның сүйемелдеуімен құйқылжыта салған әні тыңдаушының жан-жүйесін тебірентіп, өзіне еріксіз ұйытатын ды. Ол Парижда тоғыз ән салған. Олардың ішінде «Ағашаяқ», «Жалғыз арша», «Сырғақты», «Үш дос», «Смет», «Қара торғай», «Қызыл бидай» әндерін Париждағылар жазып алып еді деуші еді. 

Қарт коммунист Жәнібек Балғабаев  ақсақалдың оқығаны аз болғанымен  ойына түйгені мен тоқығаны өте көп. Осындай жандардың ойындағысын әрқашан айтқызып, сыр шерткізіп отырсақ, алдыңғы ағаның білгені мен көрегені кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы іспетті болары хақ.

Оспанбай ОРЫНТАЕВ.

«Орталық Қазақстан» газеті, 1967 жыл, 30 қыркүйек

872 рет оқылған
Пікірлер саны: 1
avatar
1
Жақсы мақала екен!
avatar
Хостинг от uCoz