Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 24.04.2018
Басты бет » 2016 » Ақпан » 8 » НАРТАЙДАН БАТА АЛҒАН БАЛА
08:23
НАРТАЙДАН БАТА АЛҒАН БАЛА

НАРТАЙДАН БАТА АЛҒАН БАЛА

ХХ ғасыр. 1975 жыл. Ақын Асқар Тоқмағамбетовтың 70 жасқа толу мерейтойына шақырту қағазын алдым.  Той десе қу бас домалайды емес пе, Қызылордаға бағыт алған поездың бір купесінде Мұхамеджан Қаратаев, Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Әбірәш Жәмішев, екінші бір купесінде Мардан Байділдаев, Рахманқұл Бердібаев, тағы басқадай да ақын-жазушылар, қысқасы сол кездегі қазақ әдебиетінің өңшең ығайлары мен сығайларымен бірге жол тарттық. Сол сапарымда Сыр бойында әнші Әбіләш Әбуовпен танысып, ол жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінің 1975 жылдың 12 желтоқсан күнгі санында «Нартай мақамы» деген мақала жаздым. Төменде 41 жыл бұрын жазған мақаламды ұсынып отырмын.

НАРТАЙ МАҚАМЫ

Мерейтой әуелі Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежанов атындағы драма театрында басталып, ақын ағаның омырауына  «Октябрь революциясы» ордені тағылды. Асекеңнің тойында Қарақалпақстаннан келген 82 жастағы Жалғасбай жырау сахнаны жырға бөледі. Жергілікті ақын Манап Көкенов пен Жамбыл облысынан келген жас ақын, термеші Аяз Бетбаев Асекеңе арналған суырып салма толғауларын айтты.

Енді бірде – Әбілаш Әбуов Нартайдың әндерін, толғауларын орындайды, – деп хабарлады концерт жүргізуші жігіт. Қазақы, оюлы тақия киген кеуделі жігіт сахнаға шықты. Ол әуелі Нартай әндеріне тән домбыраны жоғары ля нотасынан бастап желпіндіре қағып алды, енді бастаймын дегендей өзін дайындап, ауаны кең жұтып, жоғары дауыспен шырқай жөнелді.

Қоймады бұл ақындық қашқанменен,

Он жеті үйір болып жастан бермен,

Тоқталып қайнар бұлақ қарап жатпас,

Үстіне тау көтеріп басқанменен,  –

деп тамылжытқанда тыңдаушысын бірден баурап алған Әбілаштың дауыс әсемдігі әннің қайырмасына келгенде айрықша білініп, шырқау биікке көтерілді. Зал ішінде ине шаншар жер жоқ еді, толқындата, иірімдей айтылатын Нартай саздарының әсем ырғақтары сұлу дауыстың көркімен тыңдаушысын дән риза етті. Ол әннің екінші айналымына ойысқанда зал ішінен «Бәрекелді!», «Жарайсың!» деген дауыстар жамырай естілді.

Тіл берген маған халқым шешен қылып,

Өзімді салдым топқа көсем біліп.

Мың жасап Лұқмандай, қалдым міні,

Сіздерге дидарласып есен біліп,

Сөйлейін сөйле десең тамаша ғып,

Жүйріктей ұзап шапқан төселдіріп.

Енді әннің екінші қайырмасына бет алғанда Әбілаш бұрынғыдан да қыза түсті, құлпыра түсті. Кез келген әнші айта алмайтын Нартай толқындары өз әншісін енді тапқандай сұлу сипаттанып кетті. Орындықтың бір жақ шетін ала отырған әнші бір сәт қыран құсша қомдана қалғандай ән ырғағымен бірде түйіле, бірде шырқау биікте қалықтап қанат қаққандай. Тақияны жиектей жіпси бастаған тер тамшылары білінген сайын әнші жігерлене түседі. Сұлу дауыстың еркіне берілген тыңдаушы қауым тағы да сүйсіне тынып қалған еді, ән созылып барып аяқталғанда толассыз қол соғылды, әншіге құрмет көрсетілді.  Келесі күні  Асекеңнің туған жері Тереңөзек ауданынының Партияның ХVІІІ съезі атындағы совхозда өткен той жалғасында да ән айту жөнінен Әбіләш алдына жан жан салғызбады. Түс ауа жұрт Әбілашқа ән салғызды. Бұл жолы ашық аспан асты  болғандықтан ба, Сырдың толқынымен астасқан ағынды дауысы кең далаға еркін жетіп жатқандай еді.

Бала кезінде Нартайды көзі көріп, батасын алған әнші Әбілаш Әбуов

ХХ ғасыр. 1975 жыл. Асқар Тоқмағамбетовтың 70 жасқа толу мерейтойында Қарақалпақ елінен келіп өнерін паш еткен 82 жастағы әйгілі жырау Жалғасбай Аралбаев

Біз алғашында Әбілашты тұңғыш көрінген жас талант деп жорыдық. Келе-келе менмендігі жоқ, барынша қарапайым, қанаты қатайған төселген әнші екенін байқадық. 1957 жылдың өзінде ақ ол бала әнші атанып, Алматыда өткен өнер фестивальінде Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін айтып, лауреат атанып қайтқан екен. Арада он жыл өткен соң 1967 жылы Москваға сапар шегіп, ондағы Бүеілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде тамылжыта ән салып жүлде алған да осы Әбілаш. Әбілаш арнайы музыкалық білім алмаған. Әкесі Әбу Нысанбаев Шиелі ауданындағы Ленин атындағы колхозда жиырма жылға жуық шопан болып істеп келеді. Әбілаш әкесіне көмекші блла жүріп Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түседі де, оны 1972 жылы бітіріп шығады. Қазір сол колхоздағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

 -1952 жылы Шиеліде аудан оқушылары арасында көркемөнерпаздар жарысы болып өтті, дейді Әбілаш. Сонда шырқап ән салдым. Жарыстың төр ағасы болып отырған Нартай аға келіп, менің бетімнен сүйді де: «Балам, дауысың жарайды екен, бердім батамды», -деді. Мен онда пионермін, Нартай ағаның қартайған шағы еді. Нартай ағамның бата берген сол сәті ешқашан да көз алдымнан кетпек емес, - деп Әбілаш өзі пір тұтатын Нартай ағасын аса бір жылылықпен еске алды.

Иә, ол кешегі Нартайды көзі көрген, одан қуат алған әнші. Дене бітімі де әншілерге тән, кең иықты, кең кеуделі. Әр жұтқан ауасын домбыра сүйемелімен баптай, дәл қолданып еркін жеткізеді. Әбілаштың дауысы төменгі октаваның соль нотасынан екінші октаваның соль нотасына дейін жетіп, еркін алатын таза да ашық тенор. Қай нотаны алып айтса да ол еркіндікте, күшті әрі мәнерлі жеткізеді.

Әншілік дәстүрге келгенде Әбілаш ең әуелі Нартайдың шәкірті ретінде белгілі. Рас, ол өзімен деңгейлес шыққан Көшеней мен Бидас Рүстембековты да, Шәмшат Төлепованы да тыңдап, сусындап өскен. Ол әуелі Нартайдың «Үш толқынын» үш түрге бөліп шырқайды. Ал «Қызыл Москва», «Жақаевқа арнағаны», «Колхозшыларға», «Нартайдың Айманкүлге хаты», «Дариға кетер едім Сыр бойымен», «Октяблрь Ұлы мейрам, Ұлы күнім» тәрізді  ән-жыр толғаулары Әбілаш репертуарынан мықтап орын алған. Нартайдың Арқаның арқалы жырауы Тайжанды ұстаз тұтқаны тәрізді, Әбілаш та Арқа әндеріне бой ұрып көңіл аударатындығын, өнерді қастерлей білетіндігін таныта түскендей.

Сыр бойындағы әншілік дәстүрдің үлкен бір тұлғасы Нартай дейтін болсақ, оның жолын жалғастырушы Әбілаштың әншілік өнері жұртшылықты қатты қуантып, үлкен үмітке жетелейді. Бүгінде Нартай әндерін Қазақстанның әр түпкірі біле бермейді. Бұл жөнінде ойлануымыз қажет деп білемін.  Алматыда Республикалық эстрадалық студияда жылма-жыл Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтың шәкірттері қанат қағып ұшып жатады. Осы студияға Әбілашты әкеліп шәкірт тәрбиелейтін дәрежеге жеткізсе, әншілік өнеріміз тағы бір қырынан танылар еді.

Бұрын жарық көрген Шәмшәт, Көшеней, Бидас пластинкалары тәрізді енді Әбілаш әндерінің пластинкасын шығару да жоспарда тұр.    

1925 жылы Парижде, ЭКСПО-25 те ән шырқаған Әміре атамыздың дауысына таңданған Француз жазушысы Ромен Роллан «Шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім», деген екен. Ал мен болсам 1975 жылы Асекеңнің 70 жасқа толу мерейтойы үстінде ән шырқаған Әбілаш Әбуовтың күміс көмей, жез таңдай, жоғары тенор, мөлдір дауысын әлі күнге естігім келеді де тұрады.

Жарқын ШӘКӘРІМ

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1975 жыл. 12 желтоқсан

 

 

 

837 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz