Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2016 » Қыркүйек » 14 » "АҒАШАЯҚ" ӘНІН ӘМІРЕ АВТОРДЫҢ ӨЗІНЕН ҮЙРЕНГЕН
13:01
"АҒАШАЯҚ" ӘНІН ӘМІРЕ АВТОРДЫҢ ӨЗІНЕН ҮЙРЕНГЕН

«Ағаш аяқ» әнін Әміре автордың өзінен үйренген, Әміреден Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков үйренді. Жүсекеңнен Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосыновтар үйренді. Осылайша бұл ән бірден бірге жалғаса отырып, бүгінгі ұрпақтың сүйіп орындайтын әндерінің біріне айналды. Осы орайда бір айта кетерлік жай «Ағашаяқ» әнінің авторы жайлы біреу білер, біреу білмес деген оймен, алдағы уақытта біле жүрсін деген мақсатпен Әмірені көзі көрген, қызық күндерді бірге өткізген Садық Қасимановтың Әміре мен «Ағашаяқ» жайлы жазған мақаласын ұсынып отырған жайымыз бар. Уақыттарыңыз болса оқи отырарсыздар.   Мақала 1974 жылы Әміре әндері жазылған фонограф таспасы табылған соң, екі жылдан кейін, 1976 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланды.

 

Садық ҚАСИМАНОВ

ӘМІРЕ ЖӘНЕ «АҒАШАЯҚ»

«Қазақ әдебиеті» газеті, 1976 жыл, 16 шілде.

Әйгілі әнші, халқымыздың ардагер азаматы Әміренің өз үні жазылған фогнограф лентасының табылуы соңғы жылдардағы үлкен қуанышты олжамыздың бірі болды. Мен әнші Әмірені де, қазақ даласынан барып соноу жатқан Сена мен Майн алқабын кернеген «Ағашаяқ» әнін де, Ағашаяқтың өзін де бірнеше рет көріп, өнерлерін қызықтағам.

Садық Қасиманов

Қазақ совет энциклопедиясы бірінші томының 101 бетінде Ағашаяқ туралы былай деп жазылған:

Ағашаяқ -  шын аты Берікбол Көпенұлы (1861-1932 ж.) қазақтың аты аңызға айналған әнші-домбырашысы, талантты өнерпаз. Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында туған. Ағашаяқ әншілік, күйшілік, ақындығының үстіне биші, жүйрік, спортшы, әрі күлдіргі болған. Екі аяғына бақан байлап жүгіру, шапқан аттың сауырында төбесімен тұрып билеу, тұғырда отырып шалқалап, аузымен жерден тақия алу сияқты цирктік ойындарды шебер орындаған. Ұртымен, көмейімен, мұрнымен неше түрлі жануарлар үнін, әр жастағы адамдар дауысын айнытпай салған. Домбыраны қолымен де, аяғының башпайымен де, алдына ұстап та, артына ұстап та шерткен. Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Ағашаяқ» әні Осы Берікбол Көпенұлыныкі екені мәлім.

Марқұм Қайнекей Жармағамбетовтың «Әнші азамат» атты кітабында да Әміре және «Ағашаяқ» әні туралы өте жақсы айтылған лебіздер бар. «Ағашаяқ» деп аталып кеткен, әнші Әміренің Париж бен Фракфуртта шырқап әлемді таңқалдырған әні кәдімгі өзіміз білетін тобықты Рақымберлінің «Қалды-ау, қалды-ау, ойбай қыз қайда» дейтін әні еді», -   дейді Қайнекей. Осы арада Ағашаяқты Берікбол демей, Рақымберлі деп атаудың қалай болғанын түсіндіре кеткен жөн сияқты.

Мұқыр тобықтыларымен көрші отырған Берікбол Малдыбаев дейтін бай болған. Ол Ағашаяқ-Берікбол екеуі әрі аттас, әрі құрдас екен. Бір жылы бай Берікболдың үйіне елге аты белгілі бір құдасы қонаққа келеді де, ойын-сауық көрсету үшін Берікбол бай Ағашаяқты алдырады. Ол ән-би өнерін көрсетумен қатар «Берікболдың төсегі» деген күлдіргі күй тартып, байды келемеж етеді. (Берікбол бай сол жылы жас тоқал айттырып алған болатын). Бай Берікбол: «Ағашаяқ, сен екеуміз аттас болғанды да, құрдас болғанды да бұдан былай қоялық, мынау күйіңді құрт», -деп Ағашаяққа бір семіз бие береді.

-   Рақымың түскен екен, күйді ойнамаймын, биеңді алайын, бірақ осыған қоса менің Берікбол емес атыңды да өзің қойып бер, - дейді Ағашаяқ Берікбол.

-  Олай болса, жаңа өз аузыңа түскен Рақымберді болсын сенің атың, -депті бай Берікбол.

Ағашаяқ Берікболдың аты содан кейін кейде Рақымберлі болып аталып кеткен екен. Ал «Берікболдың тоқал алған күнгі төсегі» деген күлдіргі күйді кәзір Абай ауданында тұратын Жұмақұлбай Базарбаев дейтін қарт шебер орындап жүр.

Кейбір баспаөз беттерінде және бірен-саран кітаптарда Әміре мен «Ағашаяқ» әні, Ағашаяқтың өзі туралы бірқатар құнды деректер айтылса да, бұл екі өнерпаздың творчестволық байланыстары жайында айтылмайды. Сондықтан өз көзіммен көрген бір деректі мен, осы бір жайға түрткі болар деген оймен, жұртшылық есіне салғым келеді.

1923 жыл. Ақшоқыдағы ауылда сауат ашумен шұғылданып жүргенмін. Бір күні Семейден бір топ қонақ келді. Олардың ішінде Мұхтар Әуезов пен Әміре Қашаубаев та бар. Ауыл оларды мейлінше сый-құрметпен қарсы алды. Солар келісімен әр ауылдан өнерлі жігіттер шақыртылды. Ауыл той-думанға қарық, әркім өз өнерін көрсетіп жатыр. «Ауылдың алты ауызының» өзі екі тәулікке созылды. Әміре бұл күндері ән салған жоқ.

1925 жылы Мәскеу қаласында шыққан "Вестник работников искусств" деген журналдағы  Әміренің фотосуреті

Ауыл дүрмегі үшінші күн Орда тауына аттанды. Жүк пен сойыс малдарын Ордаға жеткізу Мүрсейіт молданың баласы Қисық екеуімізге тапсырылды. Ертеңіне машиналы қонақтар да келді. Бірақ, олар бұрынғысынан көп. Сөйтсек Ақшоқыдан тура тартып, «Бұзылғын там» дейтін жатақтарға барып, атақты Өтегелді мен Орынбасар дейтін мергендерді алып, одан «Боқай» жатағындағы Ағашаяқты  алып, «Қара қойтас» жатағындағы Абланбек құсбегінің үйіне қоныпты да, ол кісіні бүркітімен алып келіп тұрған беттері екен

Киіз үйге келіп отыра берісімен Ағашаяқ тез құбылып алып Абайдың «Қатыны мен Мысықбай» дейтін сықақ өлеңін кексе бір бәйібшенің дауысына салып орындады да, «Кел ойбай, салды айғай!» - деп қойып, бір көзін сол жағындағы Әміреге, бір көзін оң жағындағы Өтегелдіге қаратып, екі құлағын қайшылап-қайшылап  қойғанда жұрт ду күлді.

Ертеңінде аңшылар тобы екі арқар атып алып Кіші Ордадағы Еңлік-Кебектің үй тасына түстікке жиналды. Топ ішінде Орынбасар жоқ. Ол бір қодығының соңына түсіп  Керегетас жаққа кеткені мәлім болды. Осы арада Мұхаң бір қызық жасады – Орынбасарды бір қорқытайық,– деді де Әміре мен Ағашаяқтың біреуін еркек, біреуін әйел етіп киіндіре қойды. Әйел киіміне сүлгі орамалдар мен жібек дастархандарды жаратты. Әміреге - сен Жапалсың, Ағашаяққа сіз Еңлік боласыз, - деді. Сөйтті де Абланбек балуанға айналдырған тон кигізіп: - Сен Орынбасардың жолын тосып тұр да, арт жағынан келіп бас салып, көзін байлап ал, - деп түсіндірді. Бір мезгілде шарашап-шалдығып келе жатқан Орынбасардың алдынан Жапал мен Еңлік ән салып шыға келді. Орынбасар шошып кетіп жата қалды. Сол кезде Абланбек: -Ақмаралда нең бар еді, Ақымақ! – деп басынан асыра мылтықты бір атты да бас салып Орынбасардың екі көзін байлап алып, желкелеп қойып үй тасқа қарай сүйрей жөнелді. Жұрттың ішек-сілесі қатып қалыпты. Есі шығып кеткен Орынбасар: - Ағатай ау, ол қатында менің жұмысым жоқ, Арқар аңдып жүр едім. Жан сауға, жан сауға!» -деп жалынды.

Ордада сол жолы бес күн бойы ойын-сауық болды. Оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Әміре мен Ағашаяқ сол бес күн бойы жұптарын жазған жоқ. Бірінен-бірі ән үйренді, нешетүрлі ойын көрсетін, өнер шыңдады. Бір күні Әміре; - Ақаң (Ағашаяқты айтады) менен жиырма жеті жас үлкен. Бірақ, екеуіміз баяғы Қаражан байдың үйінде жүрген кезімізден дос, құрдас едік. Қазір Ақаң екеуіміз қосылып «Қалды-ау, қалды-ау, ойбай, қыз қайда?» дегенАқаңның әнін орындаймыз, - деді.

Міне, осыған қарағанда, халықтан шыққан бұл екі әншінің достығы ертеден қалыптасқан болса керек.

 

Садық ҚАСИМАНОВ

 «Қазақ әдебиеті» газеті 1976 жыл, 16 июль 

759 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz