Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2016 » Қаңтар » 8 » Әміре әндері Қайым Мұхамедхановтың шаңырағында шырқалған еді
20:55
Әміре әндері Қайым Мұхамедхановтың шаңырағында шырқалған еді

ӘМІРЕ ӘНДЕРІ ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВТЫҢ ШАҢЫРАҒЫНДА ШЫРҚАЛҒАН ЕДІ

Әміре атамыздың орындауындағы фонограф таспасына жазылған әндерді  Мәскеуден тауып Алматыға әкелгенім сол еді, сол күні  Партияның Орталық комитетінде, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Иванұлы Есенәлиев қабылдады. Есенәлиевтің қабылдауынан соң бүкіл қала жұртшылығы Әміре дауысы табылыпты, десіп мені жоғары көтерді. Газеттен газетке, журналдан журналға небір хабарлар жазылып жатты. Әуелі Сұлтан Оразалин Қазақ теледидарынан жария етті. Қалалық Халық университетінде Рахманқұл Бердібаев ағамыз Сапарғали Бегалин, Серәлі Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Әлкей Марғұлан, Әшімбек Бектасов, Сапабек Әсіпов, Қабдікәрім Ыдырысов, Болат Сарыбаев т.б. бастағын жұртшылықтың басын қосып, сүйіншілеп жиын өткізді. Сол сәтте Рымғали Нұрғалиев: «Әміре атаңның Парижге аттанған жері Семей ғой, сондықтан енді кезек күттірмей Семейге апарып Қайым Мұхамедхановтың алдынан өтіп, батасын ал» деді. Содан соң Әміре жайлы зерттеуіңе жол ашылады, деді.  

Табылған ақыл екен деп Әміре дауысы жазылған таспаны қалтама салып алып Семейге тартым. Қайым ағаның үйіне келдім. Рымғали алдын ала телефон соққан екен, Қайым ағаның кең бөлмелі залына Семей қаласының біраз жігіттері жиналыпты. Қайым аға Әміре орындаған әрбір әнді тыңдаған сайын көзіне жас алып қалта орамалымен сүртіп отырды. «Қайран, Қазақ үшін жаратылып, қазақтың қолынан қор болған сабазым ай, қайран Әмірем ай» деп қырылдаңқы дауысымен еңкілдеп те жіберді.  Қаптаған қағаздарының арасынан, Әміренің 1915-ші жылы, Семейдің ет комбинатында Бүкіл Ресей елінің, сол кездегі соғысып жатқан солдаттарына ет, консерві дайындаған қасапшылық жұмыста болғанын айғақтайтын аса құнды құжатты қолыма ұстатты. Одан соң Жүсіпбек Аймауытовтың Әміре жайлы жазған әңгімесін оқып берді. Әміренің Алматы көшесінде кісі қолынан қаза тапқанын да алғаш айтып берген Қайым аға болды. Қоштасар сәтте маған турасынан қарап, - балам, жасың нешеде деді. 27 де екенімді айттым. - Отызға жетпей орда бұзды деген осы, қалқам, жортқанда жолың болсын деп, ақ батасын берді.

Сол күні бірге болған Республикамызға танымал журналис Мейрам Оралов,  Әміре орындауындағы таспаға жазылған әндерді Қайым Мұхамедхановтың үйінде тыңдағанымыз жөнінде «Семей таңы» газетіне «Әміренің әні» деген мақала жазды. Мейрамның жазған сол мақаласын да оқи отырыңыздар.

 

ӘМІРЕНІҢ ӘНІ

  ... Бірінші май күні қаламызға тағы бір үлкен қуаныш келді. Ол – магнитофон лентасына жазылған Әміренің орындауындағы жеті халық әні еді.

      Міне біз атақты ғалым Қайым Мұхаметқановтың үйінде Әміре әнін тыңдап отырмыз. Бір біз емес, бүкіл қала сүйікті әншісінің асқақ үнімен қырық жылдан соң қайта табысып отыр.

      Ашық терезеден көктемнің майда қоңыр самалы еседі.

      Ала үйрек алма мойын ұшар сайдан,

      Қарағым, айналайын, келдің қайдан...

      Бұл, бүкіл Париж жұртшылығын таң қалдырған «Ағаш аяқ» әнінің алғашқы жолдары. Сарыарқаның сайын даласындай кең, шалқар аспанындай биік ән. Осынау асқақ әнді өнері «он екі звод дауысым бар» -деген Біржан салмен парапар Әміренің орындауында тыңдап отырмыз. Бұл дауыс әлі реставрациядан өтпеген, жазылғанына елу жылдан асқан валиктегі дауыс. Сондықтан болар, тұнық әуенмен бірге көптеген белгісіз шуылдар да бар. Бірақ аса құлақ салған адам «Жүрек тербеп оятар баста миды» деп Абай айтқандай, толғауы тоқсан иірлі әнді, дауысы аспандағы аққумен үн қосқан әншіні аңғарар еді.

      Қ.Мұқаметқанов  былай деді:

      - Бұл 1925 жылы Парижге барар сапарында  Луначарскийдің тапсыр- масымен жазылуы мүмкін. Өйткені ол кісі өзі Әмірені арнайы телеграммамен шақыртты ғой.

     Валикті Москвадан тауып, Семейге Әміренің өмірбаянын зерттеу мақсатында келген Ж. Шәкәрімов үнсіз ойланып қалды.

Алдымен Әміренің нақты туған жылын анықтау қажет. Бір деректе ол 1895, енді бірде 1896 жылдар дейді. Осыны анықтап, атақты әншінің тоқсан жылдық торқалы тойына әзірлену керек, - деді.

Ғалым оған, қолдан келер көмегін аямайтынын айтты.

Біз сол күні Әміренің орындауындағы жеті әнді тыңдадық. Бұлардың арасында жоғарыда аталған «Ағаш аяқтан» басқа  «Үш дос», «Бесқарагер», «Дударай», «Балхадиша», «Смет», «Жалғыз арша» сияқты халық әндері бар.

Алда осы әндерді артық айқай шудан айырып, таза Әміренің әнін ажырату мәселесі тұр,  - деді Жарқын әңгімесінің соңында.

      Біз бәріміз де жас зерттеушіге қазақ халқының ардагер ұлдарының бірі –  Әміре Қашаубайұлының өмірбаянын, творчествосын зерттеуде зор табыс тіледік.

   

Мейрам Оралов.  «Семей таңы» газеті, 1974 жыл, 9 мамыр

361 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz