Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2016 » Қаңтар » 20 » КЕНЖЕГҮЛ МЕН ДМИТРИЙДІҢ МАҒАН КЕЛУІ
13:30
КЕНЖЕГҮЛ МЕН ДМИТРИЙДІҢ МАҒАН КЕЛУІ

Жарқын ШӘКӘРІМ

КЕНЖЕГҮЛ  МЕН  ДМИТРИЙДІҢ  МАҒАН  КЕЛУІ

Деректi  әңгiме

Әншi Кенжегүлдiң есiмi – елге таныс.   Ол орыс күйеуiн ертiп алып  ел аралап ән салады.  Күйеуiнiң есiмi  - Дмитрий. Ол Кенжегүлдiң айтқан әнiн баянмен сүйемелдейдi. Гармоншы.     

-Қазаққа зауқы соқпаған ба, орысы несi, деп жақтырмапты, бұларды ауылға алғаш келгенде. Сөйтсек Кенжегүлдiң iшкi есебi бар екен. Дмитрий артық сөйлемейдi. Бiрдi-екiге соғатын өсек аяңнан аулақ. Қысыр – қыңыр сөзден жұрдай.  Өзiне бұрылып сөйлегенде ғана, құлағы естiгендi әбсәтте оймен қорытып, iштей дайындап, көзi бадырая күңк  етер әдетi бар екен. Кенжегүл де осыған ұқсас  “Давай ты мне, я тебе” деп тұрған шорт мiнездi кiсi. Қысқасы апама жездем сайдың, дәл өзi.  Дмитрийдiң бар бiтiретiнi Кенжегүлге қарап жаутаңдайды да тұрады.  Осыны әдетке айналдырған. Сөзiн аңдиды.  Осы қылығынан ағат кетсе Кенжегүлдiң бұлт төндiрер зiлдi сөзiне тап келетiндей қорқақтай ма, әлде сыйлағандығы ма,  бiртектi бұртиған үнсiз кейпiнен айрылмайды.  Кенжегүл әлденеге күлкi үйiрсе,  соны аңдығандай ақ мұның да қарқылдап күлетiнi бар. Әйтпесе өз бетiмен күлу, бiреудiң бетiне қарап сөйлеу дегенiң мұнда жоқ. Тек Кенжегүлдiң айтқанын аңдып тұрып қалт жiбермей орындайды.  Өзi қазақша сөйлегенi былай тұрсын қасиеттi құранның Ықылас пен Фатиха сүресiн  жатқа бiледi екен. Осы түсiнiстiк екеуiнiң бiр-бiрiне деген ерекше ыстық ықыласты махаббаттарының жемiсi шығар, деп те ойлаймын кейде. Ал ендi баян ойнауға келгенде Дмитрийдей музыкант таба алмайсың. Алдына жан салмайды. Баянның оң жақ сол жақ түймелерiн басқанда  саусақтары шаң жұқтырмас жүйрiктiң былпылдаған жорғасындай жүрдек, тiптi көз iлестiрмейтiн жерлерi де бар.  Бетховен, Чайковский, Мусоргский, Моцарттарың сөз емес Дмитрийға.  Еуропаны қойып, Америкаңды айналып өтiп, қазақ музыкасын көктей шолады.  Құрманғазының “Балбырауыны”, Нұрғисаның “Ата толғауы” құлақ шымырлатады.  Осындай өнерлi жiгiтке тұрмысқа шыққан  Кенжегүлге қалай риза болмассың.  Әдемiлiгiмен де, қылықтылығымен де  тәнтi етiп махаббат шылауына ораған ғой Дмитрийдi.  Тiптi Қазақстанның орысы да емес ау, соноу қайдағы жер түбi  Украйнадан,  Киевтен бұйырып, қазақ қызының соңынан ес түссiз жүре берген ғой. Махаббат деген мiне, осы. Дудар есiмдi қазақ жiгiтi Мәриям деген орыс қызына ғашық болған ғой.  Содан “Дударай”  деген ән қалған.  Ал бұлардiкi керiсiнше.  Дмитрий деген орыс жiгiтi Кенжегүл деген қазақ қызына ғашық болып, жүрек қылындағы сезiм өртiне оранған.  Көрмесе тұра алмайтын, ойламаса жата алмайтын күйге жеткен. Бойын құса, ойын жарым етiп жанын жегiдей жеген.  Әрине махаббат - сезiм ауыруының бiр түрi ғой. Дмитрий сонда қатты қиналған.  Қызға құмартып, күнi-түнi бейнесiн  елестету, “менiкiсiң”,  “мәңгiлiк менiмен бол” –деп  армандау,  өз-өзiмен аунақшып жатып арман қанатында қиялдану адам баласына бiр келерi анық болса  Дмитрийдiң таңдауы Кенжегүлге түскен. Киевте қыздар жетпей қалғандай соноу қазақ даласындағы Қарқаралы деген жердегi қаршадай қазақ қызын көрмесе тұра алмайтын құсалық күйге жеткен.  Содан әупiрiмдеп жүрiп қызды көндiрген.  Жанары аспан түстес көгiлдiр жiгiт үзiле қиылып тұрған соң, қайтсын ендi, қыз кете барған. Кете барған деген аты болмаса, орыс жiгiтi соноу құла дүздегi  Киевтен сүйгенi үшiн Алматыға қоныс аударған.

Бастарына бақ қондырып, Алла бұларға бiр ұл, үш қызды нәсiп еттi.  Ендi мiне, өзiмiз сықылды ел iшiне үйрене берсiн, көрсiн, дағдылансын деп, концерт қою сапарларына балаларын да өздерiмен бiрге алып шығып жүр.  Ел боламыз деп еңсе көтерген 1991 жылы Кенжегүл Алматы облыстық Сүйiмбай атындағы филармония жанынан Мәди атындағы қоғамдық филармония ашып алған болатын.  Содан мөр жасатып, есеп шотын  ашып дегендей жеке отау тiгiп, жеке отбасылық әртiстiк ұжымға айналған.  Өздерiне УАЗ деген 12 адамдық орны бар машина жүргiзушiсiмен бекiтiлген.  Сол машинасына бала-шағасын мiнгестiрiп ап ел аралап концерт қояды.  Табыс табады.

*         *         *

Кенжегүл ел аралап жүргенде менiң есiмiмді жиі естiп, ойына құнттап түиеді екен.

Күндерде-бiр күнi  теледидарға менiң жұмыс бөлмеме келдi, жездемiз Дмитрий екеуi. 

- Жарқын сен бе?
- Мен!
- Олай болса мә,  -деп едәуiр қомпиған дорбаны менiң алдыма ысыра тастады. Жүзi сұсты.
- Бұ не апай?
- Ақша. Әмiреге құлпытас орнатамыз.

Осының бәрiне де кiнәлiсiң дегендей, үнi қатқыл естiлдi.

-   Жамбасы жерге тигенiне мiне жарты ғасырдан асты. Басында белгi  жоқ не зират ол. Давай кеттiк. Көрсет, Әмiре жерленген жердi. Мәрмәр тастан құлпытас орнатамыз, -деп менi алдына салып, ақша салған дорбасын Дмитрийге ұстатып, Алматының төменгi тұсындағы Ташкент көшесiндегi Орталық зиратқа келiп  атаусыз, қараусыз қалған Әмiре қабiрiне құран бағыштады.

Осыдан жиырма жыл бұрын көз көргендердiң қолымен құлпытас қойылса екен деп жоғарыға жазған хатымыздан ешбiр нәтеже шықпаған.  Одан бұрын да белгiсiз жатқан ғой.  Кенжегүлдiң жанын жегiдей жегенi  - ұлы әншiнiң қабiрi басында әлi күнге дейiн белгiнiң қойылмауы, “Мына жерде жерленген адам Әмiре Қашаубайұлы” деген сөздiң жоқтығы едi.  Жаз бойы ел аралап концерт қойып жүрiп, тапқан – таянған 60 мың рублiн Әмiре қабiрiнiң  басына құлпытас қоюға арнапты.  (Ол кезде 60 мың рубль, үй тұрғызуға жетерлiк мол ақша саналатын).

Сонымен Кенжегүл зират қарауылшыларынан рұқсат алып, менiң,  “Мiне тап осы жерде Әмiре атамыз жерленген” деп көрсеткен жердi қоршауға алып   Ұлы әншiнiң жамбасы жерге тиген  58 жылдан соң  құлпытас тұрғызуға кiрiстi.

*      *      *

Жұмыс iстемей жүргенiмiз жоқ. Iстеп ақ жатырмыз.  Кенжегүл жалдаған тас қашаушыға Әмiренiң бет әлпетiн түсiндiрiп, фото суретiн бердiм. Ол өзiнше жұмысқа кiрiстi.  Дмитрий көбiнесе Кенжегүлден сәл кейiнiрек, бастық тәрiздi қарап тұрады.  Кеңесшi мен емес сол тәрiздi.  Әйтеуiр артық кетпей Кенжегүлдiң соңында бұқпантайлап жүремiз.

Кенжегүлдiң жұмыс iстеу тәсiлiнде екi қасиет бар екен.  Бiрiншiсi – жалықпайтыны.  Екiншiсi  -  сөзiн өткiзе алатыны.  Таңғы бестен түн ортасына дейiнгi аралық Кенжегүлдiң күнделiктi жұмыс уақыты.  Күлiп барады. Күлiп қайтады.  Риза болмаса айғайға басады.  Кенжегүлдiң айғайы орысша.  Конкретно.  Соның арасында тiгiнен қоятыны бар, жатқызатыны бар, гранит тастар да түсiрiлдi. Қабiрдiң басы тегiстелiп, айнала цементпен бекiтiлдi.    Бәрi жақсы көрiнгенмен,  титыққа тигендерi де болмай қалған жоқ.  Қабiр басындағы   жалданған төрт орыс жұмысшы  нағыз көкжалқаудың өзi болып шықты.  Iшкiлiкке жақын адамдар.  Жалқаулыққа басатынын бiлiп, Кенжегүл олардың “дәм-тұзын” сөмкеге сап күнделiктi әкеледi.  “Талас”, “Солнцедар”,  “Кагор” деген қызыл шөлмектiлерiңдi  тамақтан өткiзiп алған соң  шып-шып терлеп, қаракүшке басады ақ сабаздар.

-Зират басында бұ қалай, өзi  десем, “бұлар зират талғамайды ғой, өз күнәләрi өзiнде”, -дейдi Кенжегүл.   Бойларынан шараптың күшi кете бастап, тағы да керек қылған рай бiлдiрсе Кенжегүл қолына шыбық алып шылпылдатады.

-Әйдә, жұмысқа кiрiсiңдер,  әйтпесе мына шыбықпен сабап тастаймын, дейдi.

Орысшылаған  қатқыл дауыстан  сескенгендей аналар “мына  әйелiң қайтедi ей”   дегендей Кенжегүлдiң  қаһарлы болмысынан безек қағады.  Мұндайда  Кенжегүл өршелене түсiп жұмысты зорлатып iстеткiзедi.  Өзi де жiгерлендiру үшiн етек –жеңдi түрiп тастап, ер адамша қолына күрек ұстап кiрiседi.     

Осылайша араға ай салып Кенжегүл мен Дмитрий жездемiз Әмiре қабiрiнiң басына құлпытас орнатумен күндерiн өткiздi.  Әмiренiң  бет жүзi қашалған тас тiкесiнен тұрғызылды.  Жазуы бар тас көлденең жатқызылды. Айнала әдемiленiп қоршалды.   Әмiре зираты – халқының  алғаш рет Әмiренiң аруақ рухына құран бағыштауына, ашылуға  дайын тұрды.  Әмiре атамыз  1934 жылдың  қараша айының 5 – нен 6 – сына қараған түнi  қайтыс болған ғой.  Ендi мiне,  зираттың ашылуы 1992 жылдың 5 қарашасына белгiленген едi.  Құлпытасты ашуға дәл бiр апта қалған.

*        *        *

     Тосын жағдай болды…

“Зират басына шұғыл жет, не болғанын өзiң көресiң”,  -деп Дмитрий телефон соқты жұмысқа.  Тосын телефон, жұмбақ сөз,  не болдыға басып  алып-ұшып жеттiм.  Әмiре қабiрiнiң басына тақай бере Кенжегүл маған бұрылып  - Мiне, қара не болғанын, дедi.  Көз алдымда кәдеуiлгi минамен жарып, соғыстағы танкiмен таптап, жаншып өткендей көрiнiс келдi.  Жұртшылықтың көремiз деп, ашылуға дайын тұрған  Әмiре зираты жермен – жексен  етiп қиратылған.  Алатын өшi бардай ақ бiрнеше адам  “кубалмен” тайпаған тәрiздi.  Дәу-дәу гранит тастардың өзi үгiтiлiп қалған. Анадай жерге ұшып түскен  Әмiренiң жарты бетi қалған тас қиыршық жарқышағын Кенжегүл кеудесiне қысып алыпты.

 –Ескерткiш болады сақтаймын үйде, дейдi. 

Ұрланып келетiн қара түнек түн жамылғысы болса екен ау, өлi адамның қабiрiне шабуыл әрекетi тал түс әлетiнде болғанға ұқсайды.  Әлгi жұмысшылар да аң-таң.  Еңбектерi  еш кеткен соң жыларман күйге түсiптi.   Бiр сағатқа ғана кетiп қала қойып едiк, дейдi орыс тiлiнде. Қиратқандарды арғы атасынан сiлейте сөйлейдi.  

Бетiмiз бүлкiлдеп, ернiмiз күбiрлеп, сөйлеуге сөз таппай, басымыз тасқа соғылғандай Дмитрий екеуiмiз  тұрмыз.  Кенжегүлдiң  " Идиоты,  кто победит, кто побеждает, посмотрим еще” деген  сөзi  есiмде қалыпты.  Осыны айтты да  жерге тiзерлей, Әмiре қабiрiнiң топырағын сипай:  “Аруағыңнан айналайын,  қайран Әмiре.  Көмiлгенiңе  58 жыл болса да,  үстiң тақыр жер.  Басыңа белгi қойып, көсегеңдi көгертейiк деген ем. Онымызды бiреу ерсi көрдi.  Кеш ата, кеш.   Сенiң еш кiнәң жоқ, кеш,”  -деп тебiренген сөзiн жалғай түстi.  –Жүрегiм соғып тұрғанда,  денiм сауда басыңа белгi қоймай тынбаймын,  жаның жәннатта болғыр қайран ата,  жатқан жерiңдi күмбездеп,  халқың құран бағыштайтындай етермiн,  -дедi де  ернi күбiрлеп құран бағыштады.

-Ей Алла, бәле жаладан, шайтанның әрекетiнен сақтай гөр, деген сөзi құлағыма шалынды.  Осыны  айтты да Кенжегүл орнынан тұрып бойына бiр күш бiткендей;  “Әй, Дмитрий, мелшимей ана мәшинеңе от алдыр”,- кеттiк дедi,  жұлып алғандай кейiппен.    Дмитрийден қалмай мен де  жармаса кiрдiм.  Жолдан жұмысқа қалдым.  Олар мәшинелерiн қалалық әкiмшiлiкке әкеп тiредi.

*      *       *

Жандарында тұрмаған соң, құлақ естiмеген соң,  әкiмшiлiк ғимараты iшiнде  Кенжегүлдiң кiмге не  дегенiн бiлмеймiн. Ол кездегi қала әкiмi кiм екенi де есiмде жоқ. Анық есте қалғаны  Әмiре зиратының қиратылғаны туралы  “Кощунство на кладбище” деген мақаланы оқығаным ( газета “Вечерняя Алма-ата”,  29 октября, 1992 год, № 227)  және  Кенжегүлдiң өз эскизi бойынша бес күн iшiнде ескерткiштiң дәл сол қалпында  айна қатесiз қайтадан жасалып шыққаны.  Басы қасында Кенжегүлдiң өзi жүрдi.

1992 жылдың 5 қарашасы күнi Алматы жұртшылығы Әмiре зираты басына шақырылып, тұңғыш рет көпшiлiк құран бағыштап,  Алладан медет тiледi.

Осылайша Дмитрий мен Кенжегүл Әмiре атамыздың жерленген қабiрiне құлпытас қойды.

 “Ендiгi  бағытымыз - Керекудегi Майра Уәлиқызы - қалған iсiмiздi соған бағыштасақ”, деп жүрушi едi. Бiрақ тұрлаусыз дүние қойсын ба, алдағы мақсаттарына жете алмай  уақыты жетiп  әуелi  Дмитрий, араға бiрер жыл салып Кенжегүл де аттанды о дүниеге.

Артында ұрпағы бала-шағасы, Әмiреге орнатқан мәңгiлiк тас ескерткiшi қалды. 

Бiрi қазақ,  бiрi орыс,  қос махаббат иелерi осылайша дүниеден өттi.

*          *          *

 

 

 

379 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz