Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018
Басты бет » 2017 » Наурыз » 23 » КҮЛӘН БЕРІКБОЛОВА 36 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ МАҚАЛА
12:33
КҮЛӘН БЕРІКБОЛОВА 36 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ МАҚАЛА

Жарқын ШӘКӘРІМ:

1980 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрі Жексенбек Еркімбековтың бұйрығымен және ол кісінің орынбасары Өбекәлі Жәнібековтың ұйытқы болуымен, ғұлама ғалым Болат Сарыбаевтың музыкалық, теориялық негізі арқау болып «Республикалық халық музыка аспаптары музейі» шаңырақ көтеріп, оның тұңғыш директоры етіп жас музыка маманы ретінде мені бекіткені белгілі. Директор ретінде мен жаңа ашылған музейге қызметкерлер қабылдадым, қызу жұмыс атқарып музей экспонаттарын жинадық. Осы жұмыстар әрине Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей ұйымдастыруымен жүргізілді. Сол тұста Өзағаңның – Өзбекәлі Жәнібековтың тапсырмасымен музей қызметкерлерінің күшімен «Сазген» көне аспаптар ансамблін ұйымдастырдық. Әрине музейдің директоры ретінде музыкалық жетекшілік жұмыстары маған тапсырылды. 1981 жылы музейіміз ашылып, «Сазгеніміз» өнер көрсетіп ел жұртымыздың алғысына бөлендік. Ол заман өтті. Заманды билемек болған кеңестік жүйе келмеске кетті. Енді міне Күлән Берікболованың осыдан 36 жыл бұрын, яғни 1981 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Сазген» саздары мақаласы қолыма тиіп, оқығанымда, сол кездегі қиын да, қызықты жұмыстарымыз көз алдыма келді. Мәселен, заманның ауысуына байланысты, ескі қоғамның жаңа қоғамға өзгеруіне байланысты, жаңа ұрпақтың келуіне байланысты көп жағдайларымыз көзден таса болды, көңілден көмескі тартты. Күлән Берікболованың жазғанында:

«Сазгеннің» жетекшісі Жарқын Шәкәрімов. – Музейдің ұтымды ұйымдасуына талай өнер қайраткерлері мен өнер жанашырлары ұйтқы болды. Гурьевтіктер Динаның, оралдықтар Сейтектің, семейліктер Абайдың домбырасын, халық дәстүрін жетік білетін Әшімбек Бектасов марқұм Біржанның домбырасын, тағы бір өнер жанкүйері (бұл жанашыр жан –Ақселеу Сейдімбеков еді, өзі әдебиет және өнер бөлімінің бастығы болған соң, аты-жөнін айтпауды өтінді- КБ) Ықылас, Тоқа қобыздарын тапсырды. Профессор Болат Сарыбаевтың зерттеулеріне, Садық Қасиманов, Омар Қаймолдин сияқты көнекөз ақсақалдардың ақылына сүйене отырып, суретші Дәркембай Шоқпаров адырна, сазген, шертер, сақпан, асатаяқ, желбуаз қылқобыз, нарқобыз, шыңдауыл, шартылдақ, домбыраның бірнеше түрін жасап берді», деп жазды Күлән Берікболова. Күләннің жазғандары біздер үшін бүгінгі таңда таптырмайтын құжат болып отыр. Неге десеңіз одан бергі уақыттарда музейде небір өзгерістер болды, небір директорлар ауысты нақтылы құжаттыр көмескіленіп кеткендей еді. Ал Күлән болса музейге музыкалық аспаптар өткізген адамдар есімін және қандай аспаптар өткізгенін жазды. Күлән Берікболова мақаласының кереметтігі мұнымен ғана шектелмейді. Ол мақаласына Фараби, Шоқан, Абай мұраларының ғылыми тұғырын арқау ете отырып халқымыздың атадан жалғасқан дәстүрлі көне музыка өнерінің дамыту мәселелерін сол кездің өзінде ақ жолға қою жолын қарастырған.
«Әрине, коллективтің алғашқы қадамдарына гүл бітіп, сапар сәтті болсын деген ізгі тілек қосамыз. Енді музыкалық фольклор мұрасын көбірек тауып, музей байлығын молайтуды – халықтық ортақ іс деп тану қажет», деп жазды Күлән Берікболова. Автордың осы жазғандарынан халқымыздың төл мәдениетіне деген сүйіспеншілігін таныдым. Халықтық, ұлттық сөздерді аңдып, газетте жариялауға жібермей, қиып тастап отыратын тоталитарлық жүйеде жүріп, жап жас бойжеткен қыздың осыншама терең тебіреніспен жазған терең ойлы сөздерін журналистік шеберлікке әрі батылдыққа баладым. Осы орайда Наурыз мейрамы тұсында «Сазген» саздары мақаласын оқи отырып, риза бола отырып Күлән Берікболоваға зор денсаулық тілеймін! Отбасының аманшылығын тілеймін! Көктем шуағы мен жан жылуын тілеймін! Бақыт тілеймін! Алла разы болсын!

КҮЛӘН БЕРІКБОЛОВА «САЗГЕН» САЗДАРЫ
«Сазген» – Қазақ ССР халық музыка аспаптары республикалық музейінің халық аспаптар ансамблі. Ансамбль атын ауызға алысымен, музей жайында айтпай кетуге болмайды. Өйткені, бұл екеуі қол ұстасқан, жұбы жарасқан егіздер іспетті. Бұлар – ұзақ толғақпен дүниеге келген егіздер.
Әріден басталық. Өйткені, өнердің түп-тамыры теренде. Қазақ халқының аңыздарына қарағанда, олардың 50-ге таяу музыка аспабы болған екен. Ғұлама Фарабидің бұл күнге музыка аспабы жайындағы жазбасы ғана жеткен.
Шоқан Уәлиханов Қашғар сапарынан соң Петербург музейіне сапалы сыбызғыны сыйға тартқан. Ұлы ақын Абай Құнанбаев Семей музейіне қылқобыздың екі түрін, қос, үш ішекті әдемі домбыраларды асатаяқ тапсырған. Міне, мұның бәрі – өнер мұрасын қадірлеудің лұғатты үлгілері.
Қазіргі кемел заманда мәдениетіміз гүлдене, дами түсті. Ұлт мәдениетінің өткенін зерттеп, оның бай мұрасын халық игілігіне пайдалануға мол мүмкіндік туды. Өнердің өткеніне үңіліп, зер салған зерттеушілердің жанды деректеріне сүйене отырып, халық музыка аспаптарын бір жерге топтастырып, таныстыру мақсатымен жеке музей ашу қажеттігі біліне бастады. Ақыры, толғағы жеткен мәселе дұрыс шешімін тапты. 1980 жылдың 1 авгусінде Қазақ ССР Министрлер Советі халық аспаптары музейін ашу жөнінде қаулы қабылдап, бұл істі Мәдениет министрлігіне тапсырды.
– Осы қаулыдан соң барлық жұмыс жанданып кетті, – дейді музейдің директоры, «Сазгеннің» жетекшісі Жарқын Шәкәрімов. – Музейдің ұтымды ұйымдасуына талай өнер қайраткерлері мен өнер жанашырлары ұйтқы болды. Гурьевтіктер Динаның, оралдықтар Сейтектің, семейліктер Абайдың домбырасын, халық дәстүрін жетік білетін Әшімбек Бектасов марқұм Біржанның домбырасын, тағы бір өнер жанкүйері (бұл жанашыр жан –Ақселеу Сейдімбеков еді, өзі әдебиет жыне өнер бөлімінің бастығы болған соң, аты-жөнін айтпауды өтінді- КБ) Ықылас, Тоқа қобыздарын тапсырды. Профессор Болат Сарыбаевтың зерттеулеріне, Садық Қасиманов, Омар Қаймолдин сияқты көнекөз ақсақалдардың ақылына сүйене отырып, суретші Дәркембай Шоқпаров адырна, сазген, шертер, сақпан, асатаяқ, желбуаз қылқобыз, нарқобыз, шыңдауыл, шартылдақ, домбыраның бірнеше түрін жасап берді.
«Сазген» халық аспаптар ансамбліне, музей ісін жүргізуге бірсыпыра өнерпаз жұмысқа алынды.
Қазір музей қорында 150-ден астам аспап бар. Саусақпен санарлықтай адамдардан құралған коллективтің атқарар іс ауқымы зор. Олар Москва, Ленинград, Орынбор, Қазан архивтерімен хат жазысып, олардың тәжірибелерін тағлымға алмақшы. Республикамыздың түкпір-түкпіріне, Алтай өлкесінің Қосағаш ауданына көне музыкалық аспаптарды, фольклор үлгілерін жинау мақсатымен далалық-ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды.
«Сазген» – Торғай облысындағы «Шертерден» кейінгі екінші халық аспаптар ансамблі.
Көне аспаптардың, жас өнерпаздардың басын бір жерге қосып, білгір басшылық жасап жүрген ұйымдастырушы Жарқын Шәкәрімов. Жарқын – өнердің өріс алып, өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген талантты музыка зертгеушісі, әйгілі Әміренің даусын тауып, оны өлмес үшін өмірге қайта әкелген шын жанашыр.
Әрине, коллективтің алғашқы қадамдарына гүл бітіп, сапар сәтті болсын деген ізгі тілек қосамыз. Енді музыкалық фольклор мұрасын көбірек тауып, музей байлығын молайтуды – халықтық ортақ іс деп тану қажет. Сондай-ақ, ансамбль мақсаты – халық өнерін таныту, насихаттау болғандықтан, екінің бірі біле бермейтін көне ән-күйлердің шығу тарихымен көрермендерді қысқаша таныстырып отырса, концерт тартымды да түсінікті болар еді. Ал билерді қазақ халқының әдет-ғұрпын жетік білетін жандармен бірлесіп, олардың мазмұнын аша түсуге, өткен заманға тән қимыл-қозғалыстармен бояуын қанықтыра бейнелесе, нұр үстіне нұр болар еді.
Иә, өнер – халықтікі. Халық барда, өнер бар. Ата дәстүрін қастерлейтін ұрпақ барда, жарқын заман, ашық аспан барда өнердің өшкені жанып, өлгені тіріліп, жаңасы жайнап, жақсысы жарқырай берері сөзсіз.

Күлән БЕРІКБОЛОВА

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1981 ж.

293 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz