Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 20.02.2018
Басты бет » 2017 » Қаңтар » 14 » ЭДИСОН, ӘМІРЕ ЖӘНЕ МЕН
13:35
ЭДИСОН, ӘМІРЕ ЖӘНЕ МЕН

Шынымды айтсам екі ұлы адамның қатарына өзімнің аты жөнімді жазу мен үшін үш ұйықтасам түсіме келмеген дүние. Әйткенімен осы екі адамға байланысты Кеңестік заманда қайталанбас игі жұмыстар атқардым. Осы жайында кейінгілер біле жүрсін деген мақсатпен қысқаша да болса әңгімелеп берейін.

Эдиссон ХІХ ғасырда, 1878  жылы  фонограф деген дыбыс жазу аппаратын ойлап тапты. Фонограф - адамзат баласының алғашқы дыбыс жазу құралы. (Фоно-дыбыс, граф- жазу, деген көне Грек сөзі)

Менің, Эдисон ойлап тапқан фонограф аппаратын зерттеуім, оның қазақ халқына байланыстылығын айшықтауым 1974 жылдан басталды. 

 

Америкалық ғалым Томас Эдисон ХІХ ғасырда адамзат жаңалығы - фонограф аппаратын ойлап тапты. 

Адамның айтқан әндері мен музыкалық шығармалары таспаға жазылынып алынады екен, не деген ғажап жаңалық, - десіп әуелі Америка, одан соң Еуропа, одан соң іле-шала Африка және Азия құрлығының адамдары бұл аппаратты жапа тармағай іздестірді. Әлемге әйгілі Энрико Карузо, Марио Ланца, орыс әншісі Федор Шаляпин тәрізді опералық әншілердің фонограф таспасына  жаздырған әндері  мәңгілік тарих құндылығына айналды. Ұлы әншілерді былай қойып орыстың Л. Толстой, С.Есенин, В.Маяковский, Куприн, М.Горький тәрізді жазушыларының өзі дауыс үндерін фонограф аппаратына жаздырып ұрпағына сақтап қалды.

Эдисонның фонограф аппараты Әміре Қашаубайұлының да айтқан әндерінің сақталып қалуына себепкер болды.

Екі дос. Әміре мен Қажымұқан

Париж сахнасында Әміре ән орындағанда  Нобел сыйлығының лауреаты, Француздың гуманист жазушысы Ромен Роллан «не деген керемет дауыс, не деген әдемі үн, мынау опера ғой, мына дала адамы, азиат, тұнып тұрған классика ғой, мүмкін емес», деп таңданып, аузын ашып қалған екен.

1925 жылы Парижде болып өткен әлем халықтарының этнографиялық конкурсында Ромен Роллан, Анри Барбюс, орыс ақыны Владимир Маяковский, америкалық композитор Джордж Гершвин, алаш қайраткері Мұстафа Шоқай сонымен қатар Ресей елшілігінің адамдары, Француз билігінің адамдары, Парижге ЭКСПО- 25-ке жиналған Әлем халықтарының адамдары, бәрі де, Әміремен қатар өзбек бишісі Тамара Ханымның, башқұрт қурайшысы Жұмабай Есенбаевтың өнеріне аса жоғары баға берген ғой. Содан, Әміре елге оралған соң Серке Қожамқұловқа: «Париждегі Сорбонна деген университеттің докторы Шрамек деген және профессор Перно деген ұстаздары, менің орындауымда бір-екі әнді фонографқа жазып алды», деп, Әміренің ауызша айтқанын, өткен ғасырда Серағаңның өзі менің құлағыма сыбырлағаны бар. Бұл ауызша жеткен ақпарат баспасөз беттерінде жылдар бойы жазылып та жүр. Әйткенімен Әміренің фонографқа жазылған Париж ізі жоғалып кеткенге ұқсайды. 60-шы жылдардағы Мәдениет Министрі Ілияс Омаровтың өзінен бастап Еркеғали Рахмадиевке дейінгі аралықта, тіпті күні бүгінге дейін қарапайым қатынас жолымен де, дипломатиялық жолмен де ат ізін салып іздестіргенмен Әміренің Париждегі фонографқа жазылған іздері табылған жоқ. Доктор Шрамке те, профессор Перно да жекеменшік фонограф иесі болғандықтан болар, олардың Фашисттік Германия соғысы кезінде қайда көшіп кеткені белгісіз. Сонымен 60 жыл бойы іздеу салдырғанымызбен Парижде жазылды делінген Әміренің әндері жазылған фонограф іздері әзірге ұшты-күйлі жоқ. Үмітсіз шайтан деген, егер жазылғаны шын болса жылдардың бір жылында, күндердің бір күнінде Әміренің Париж сапарындағы жазылған фонограф ізі табылып та қалар деген үміттеміз.

Ал менің әңгімелеп отырғаным  Мәскеудегі Орталық архивтің, фоно-фото және дыбысқа жазу құжаттары  - Қырғыз Республикасы бөлімінен 1974 жылы табылған Әміренің фонограф таспасы. (Бұл жөнінде желідегі «Жарқын Шәкәрімнің сайты» теген тақырыптан оқи аласыздар).

Алғашқы жазған мақаламның атауы. 1974 жыл.

 

Фонографқа жазылған қазақ өнерпаздары. 

   

1974 жыл. Астанамыз Алматыдағы Рахманқұл Бердібаев жетекшілік ететін қалалық халық университетінде Эдисон жайлы баяндама жасап тұрған сәтім.  

 

Баяндаманы тыңдаушылар.

                                                                                                

Көп кешікпей Әміре дауысы жазылған фонографтағы 7 әнді Әнуәрбек Байжанбаевқа алғысөзін оқытқызып, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Серке Қожамқұловтарға естеліктер айтқызып 1975 жылы күйтабағын шығардық. Сол кезде Рахманқұл Бердібаев жетекшілік ететін Алматы қалалық халық университетінде,  Әміре дауысының сақталып қалуына себепкер болған Томас Эдисон марқұмға, ол ойлап тапқан фонограф аппаратына риза болғандығымызды білдірген тақырыппен бірнеше баяндама жасаған болатынмын. 1974 жылғы сол баяндамамның кейбір көріністерін жоғарыда Сіздердің назарларыңызға ұсындым. Уақыттарыңыз болса оқып, көріп тамашаларсыздар.

Ізгі ниетпен Жарқын ШӘКӘРІМ.

14.01.2017  Алматы.

 

369 рет оқылған
Пікірлер саны: 0
avatar
Хостинг от uCoz