Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 24.04.2018
Басты бет » 2016 » Қаңтар » 27 » 43 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАРЫҚ КӨРМЕЙ ЖАТЫП ҚАЛҒАН МАҚАЛА
08:24
43 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАРЫҚ КӨРМЕЙ ЖАТЫП ҚАЛҒАН МАҚАЛА

43 ЖЫЛ БОЙЫ ЖАРЫҚ КӨРМЕЙ ЖАТЫП ҚАЛҒАН МАҚАЛА

Осыдан 43 жыл бұрын «Тас мүсіндер және таңбалытас қазынасы» деген мақаламды жарияласаңыздар екен» деп «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына апарып тапсырдым. Газеттегілер бұл жазған мақаламды  1973 жылдың 14 мамыр күні, 33 нөмірмен тіркеген. Ол кезде өзім студент едім. 25 жастамын. Өмір деген қызық қой. Жалындаған жастық шағымда өзімше жігер танытып жазған сол мақалам жарыққа шығады, халыққа жетеді деп куанып жүргенімде күндер өтті, айлар өтті, тіпті жылдар өтті. Сонымен мақалам жарыққа шықпай жабулы қазан күйнде қалып қойды. Жарыққа шықпай қалған мақаламды, өмірде болып жататын көп өкініштерімнің бірі ғой деп, өзімді өзім жұбатқанмын.

Енді мына қызықты қараңыз! Жақында архив қоймаларының бірінен жарыққа шықпай қалған сол мақаламның қолжазбасын тауып алдым. Шынымды айтайын, өшкенім жанғандай, жоғалғаным табылғандай керемет қуандым. Мақаланы сол жылдары Ресейдің архив институтын бітіріп келген белгілі қаламгер, архивші Амантай Сатаевтың Әлкей Марғұланмен сапарлас болғандағы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған мақалаларына орай, Амантай Сатаевқа хат есебінде жазған екенмін. 1973 жылдың 17 ақпан күні газет редакциясына апарып, тапсырып бергендегі алғы түсіндірме сөзімде:

«Бұл мақаланы жазу маған қиындыққа түскен жоқ. Неге десеңіз туып өскен жердің романтикаға жетелейтін табиғи мәдени мұралары сырлары о баста ақ өз ұлындай өзіне тартып еркелетіп баураған. Туған жерге деген ыстық ой тұңғиығын есептемегенде оның көнеден жеткен  таңбалы тастары туралы бала кезден жазған алты дәптер қолымызда. Сондықтан да мені Қозы көрпеш - Баян сұлудай әлемге әйгілі қос ғашық зираты, оның жанындағы тас мүсіндер жайлы ой қозғаған А.Сатаев мақаласы ерекше баурап әсер етті. Сол кісімен сырласқандай болып «Қазақ әдебиеті» газетіне осы мақаланы жаздым», деп сол кездегі «Қазақ Әдебиеті» газетінің редакциясына түсініктеме де беріппін.

Қазақта «Ештен кеш жақсы» немесе «Игіліктің ерте кеші жоқ» немесе «50 жылда ел жаңа» деген сөз бар ғой. Міне, Тәуелді деген пәледен құтылып, Тәуелсіздік деген заманға жетіп, ғаламтор деген дүние бой көрсетіп, оның ішінде жеке сайт ашу мүмкіндігіне ие болғанымда, өз қолым, өз аузыма жеткендей ерекше қуанып, архив тартпасында 43 жыл бойы сарғайып жатып қалған, 43 жыл бұрынғы жастық ойыммен, жалындаған қаламыммен жазған сол мақаламды өзімнің атымдағы сайтыма еш қиналмастан жіберіп отырмын. Аллаға мың сан шүкіршілік етемін!

Студент кезім ғой.  43 жыл бұрын осы мақаланы жазғанда, түрім осындай болған.

ТАС  МҮСІНДЕР  ЖӘНЕ ТАҢБАЛЫТАС  ҚАЗЫНАСЫ

Жазушы Амантай Сатаевқа хат

Құрметті Амантай!

Адамдар арасында үлкенді аға кішіні іні тұтар асыл қасиеттер болады ғой. Сізді жүзбе-жүз кездестірмесек те менің бойымда Сізге деген осындай  бір жылылықты ілтипәт сезім бар. Олай дейтінім бала кезден оқыған Сіздің қай мақалаларыңыз болмасын одан ұлттық мәдениетке, мұраға деген шыншыл көзқарасыңыз, ойлы пікірлеріңіз, қызықты деректерге толы қамқорлығыңыз адамды бауратып жұртшылыққа ой салғандығынан болса керек. Бүгін де әлемдік маңызын жоймаған Алаша хан, Жожы хан күмбездері, Домбауыл кешені хақында Әлкей Марғұланмен осы «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы келелі  пікір алысқандарыңыз да есімізде.

Сіз Тәттімбет тануға көп үлес қостыңыз. Тәттімбеттің фотосуретін табу жолындағы зерттеулеріңіз, ол туралы көптеген деректі мақалаларыңыз, Тәттімбет жайлы жазған кітабыңыз өнер жолында зерттеуге қадам басып жүрген жастардың, студенттердің қызыға ой сала оқитын оқу құралы болып кетті бұл күнде. Бірақ айтпақ ойым бұлар жайында емес еді.

Бұл мақаланы, Сіздің соңғы шыққан тас мүсіндер хақындағы мақалаңызға жауап ретінде түсініңіз. Сізбен сырласа отырып кейбір күні бүгінге дейін сыры ашылып зерттелінбей жатқан мәдени мұрамыз жөнінде, археологиялық зерттеуші тарихшыларымызға ой салу үміті еді бойды билеген.

Сіздің мақалаңыздың зерттеу арқауы болып отырған Қозы Көрпеш-Баян сұлу зираты маңында туып, балалық шақтың бар қызығын сол өңірде қалтырдық. Кәрі құлақ кәриялардың бойымызға сіңіре құйған әңгіме-деректерін ақтара жиып ортаға салу, мұра сақтаудағы парыз екені белгілі ғой. Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі Ыстық көлге саяхат жасаған жолында 1856 жылдың 21 апрельінде Қозы Көрпеш-Баян сұлу зиратына жетіп оны тамашалайды. Жанында тұрған төрт тас мүсінді суретке салғандығын әйгілі саяхатшының өз күнделігінен білеміз. Бұл күнде сол тас мүсіндердің бірі де жоқ. Шоқан Уәлиханов және П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің деректеріне қарағанда тас мүсіндер аса шебер жасалған скульптуралық бейнелер. Мәселен Шоқан суретіне көңіл аударсақ мұндағы мүсіндер Қазақстан жерінде кездесетін басқа тас мүсіндерден көп айырмашылығы бар. Мұнда бет әлпеті де, қол аяғы да, жалпы сырт пішіні өрлеу дәуіріндегі Еуропалық әйгілі ескерткіштерге ұқсас өте дәлдікпен қашалынып жасалған.  Әрбір деталі көз тартар анық. Бұл аса бағалы тас мүсіндердің жоғалуына себеп болған, тарихи деректер дәлелдеп отырғандай еуропалық Фон Висман мен граф Уваров тәрізді қызығушылар тарапынан және де халықтық өнердің қадірін түсінбеген жергілікті тұрғындар немқұрайлылығынан деп түсінгеніміз орынды. Әйтпесе тас мүсіндер қайда кетті? Шоқан жүрген күннен бері бұл маңда Отырар мәдениетінің құртылуы тәрізді құртып жойып жіберді дейтін тіпті кішігірім де соғыс атаулы болған емес. Қариялардың айтуынша 20-шы жылдардың өзінде ақ бұл жерде  ешқандай тас мүсіндер болмаған. Сондықтан бұл ескерткіштер ХІХ ғасырдың аяғында Аякөз айналасында Арқаның Алшынбай, Құнанбай қатарлас аға сұлтаны болған Бөленнің кезінде, сол тұста таланып біткен деген тұжырым жасауға болады. Бұл маңдағы төре тұқымынан шыққан Барақ батырдың биік салынған зираты да көңілге тоқырлық. Көзі тірісінде жанына топ ерген Барақ батырдың жол жөнекей түнейтін жері осы Таңсық ауылының маңындағы, Аякөз өзенінің жағасындағы қазақтың Ромео мен Джульеттасы атанған әлемге әйгілі қос ғашықтың зираты болған. Барақ батырдың өмір сүрген кезеңі де сол Бөленнің болыстық кезеңімен тұспа-тұс еді. Бұл күнде Қозы Көрпеш кешені өзінің бар тарихи сырын ішіне сақтап жатыр. Қозы Көрпеш – Баян Сұлу жайында әдеби фольклорлық нұсқалармен қатар ендігі жерде мазар жанында тұрған, бұл күндері жоғалып кеткен тас мүсіндерді зеттеу де алдағы жұмыстар болмақ.

Бала кезімде Таскескен селосындағы көпті көрген әрі аңшы, әрі сазгер, әрі шебер Әбдрәби қария өзінің еміс-еміс есте сақталған көп әңгімелерін айтушы еді. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кешенінен күншығыс жақта кәзіргі Таскескен селосының алғаш ірге тасы қаланғанда, ол жерге отау тіккен екі-үш үй ғана болыпты. Соның бірі болып үш балалы әйелімен келіп қоныстанған жарлы Бәдіғұл еді. Бір күні ол жаңа ұйымдасып жатқан колхоздың өгізімен шөп тасып жүріп алты күндік жерден адам кейіпті қара тас алып келіп үйінің күнгей беткейіне, өрдің үстіне орнатып қойған. Сөйтсе оның кенже баласы қылша ауыруынан өліп осы өрге жерленген екен. Мынау адам кейіпті қара тас мәңгі қойған ескертішім, дейді екен Бәдіғұл өткінші жолаушыға. Әбдрәби ақсақалдың айтуынша тас мүсіннің бір қолында қобыз бар да, бір қолында қымыз ішетін тостаған бар еді деген болатын. Кәзіргі кезде Таскескен селосындағы ол мүсін тас ұшы қиырсыз жоғалып кеткен. Ақсақалдың айтқан алты күндік жері бұл жерден Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешеніне дейін өгіз аяңмен дәл келтіреді.  Оның үстіне ол кезде шабындығы мол Ай өзенінің бойы да Қозы Көрпеш кешені жақта екенін ескерсек Тас мүсінді Бәдіғұл сол маңнан әкелгендігі күмән келтірмейді.

Осы орайда 1957 жылы Ай өзені бойындағы шөбі шүйгін жазық жайлауда етпетінен жатқан адам кейіптес тас мүсін тапқанымызды да айта кетейін. Оның жан-жағын әртүрлі шөп, қурай бойлап өскен. Дәл жанына барып көрмесе оны жолаушы адамның байқауы мүмкін емес еді. Иен далада осы бір меңіреу жерде қанен қаперсіз жатқан тас мүсіннің иықпен қабыса біткен жуан мойнына, сәл шығыңқы жағы мен иегіне бірнеше қабат сымтемір оралыпты. Жанынан арқан қиықтары  мен шынжыр үзінділерін табуға болар еді. Шамасы бұл ескерткішті тонаушы адам ары сүйрете алмай Ай өзенінен әрі асырып әкетуге қиындық туғызса керек. Бұл тас мүсін белінде қылышы бар, мұртты ер адамға ұқсайтын. Біз бұл жайды ауыл адамдарына айтып келгенде бұл сөзімізге көңіл аударған ешкім де болған жоқ. Бұл тас Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешені жақтан сүйретіліп әкелінді деуге бірнеше негіз бар. Оның басы шығысқа қарап жатуы осыны дәлелдей түседі.

      Жалпы Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кешені жайлы академик Радлов Орта ғасырдың соңғы кезінде салынған болу керек деп топшылаған пікірін Әлкей Марғұлан басқаша дәлелдеген болатын. Ол бұл кешенді ислам діні Орта Азияға таралмай тұрған кезде (VІ –ІХ ғасырлар арасы)  жасалған ескерткіштері деп, жанындағы мүсін тастарды өлген адамға қойған, сол адамның бейнесін келтіретін сол дәуірдегі мәдениет үлгісі деген болатын. «Бұл ескерткіштер ислам діні таралмай тұрғандағы кеңшілік, еркін замандағы сәулет, скульптура өнерінің дамыған көрінісі болып табылады» деп пікір айтқан болатын Әлкей Марғұлан.

Ендігі айтайын дегенім, көкейімде тағы бір келелі ой,  ақтармақ сырым бар еді құрметті Амантай!

Бұл ойым барлық археолог тарихшыларымызға  да ой салар деген үміттемін.

Біз әңгімелеп отырған Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кешенін Семенов Тянь-Шанский, В.В.Радлов, Шоқан Уәлиханов және Шоқаннан бұрын Поляк жер аударылушысы Адольф Янушкевич те келіп зерттеп көңіл аударғаны мәлім. Осы аталған саяхатшы, ғалымдардың күнделік жазбаларына қарағанда олар Қозы Көрпеш-Баян сұлу кешені арқылы Алакөл, Лепсі бағытына, оңтүстікке беттеп отырған. Ал күншығыс жақта 90 шақырымдық жерде мұнартып ақ жамылған  әйгілі Ақшәулі шыңы жатыр. Ол Тарбағатай тауларының оңтүстік батысындағы ең шеткі нүктесі. Тарбағатай тауларының бір ерекшелігі тау сілемдерінің күнбатыс жақ беткейі пышақ кескендей түзу сызық бойымен тегіс жазыққа тіреледі. Бір ғажабы жазық пен таудың қиылысқан жерінде сан түрлі мәдениет куәләрі көз алдыңа оттай басылады. Бұл маңдағы ерекше ескерткіштердің бірі – әлі күнге дейін өз пішінін жоймаған қашау үлгісімен жасалынған үш тас мүсін болып табылады. Бұл тас мүсіндер «Қазақстан» совхозына қарайтын «Үшбұлақ» тау қойнауындағы жерде орналасқан. Биіктігі 1 метр 70 см. Тас мүсін ешқайдан әкелінбеген жергілікті болып саналады. Олай дейтініміз тас мүсін күнбатысқа қарап тұр да дәл алдында ұзыннан-ұзақ  арасы 5 метрдей қаз-қатар тізілген, киіз үй тірізді дөңгелей қаланған 60-қа тарта үйілген тастар бір сызық бойына қаз қатар тізілген. Ұзындағы 600-700 метр шамасында келеді. Мұны жергілікті жұрт «Мықтың үйі» дейді. Ал Әлкей Марғұлан еңбектерінде бұл «шарбақтас» деп аталынады. Мұндағы тас мүсін мен шарбақтастар Ұлытау және Жетісу өңіріндегі тас ескерткіштерден өзгеше, айырмашылыға бар. Әрбір тас мүсін мен шарбақтары бірі біріне қатар паралель орналасқан. Бұлар күні бүгінге дейін арнайы тексерілмеген, ғылыми экспедицияны көрмеген, тұңғиығы тұнған тарихи мәдениетке толы қазыналы жер. Әсіресе кешқұрым мезгілде анадайдан көз салса қаз қатар тізілген киіз үйлер, шетінде тұрған алысқа көз тастап тұрған қарауыл батыр аңызды шындыққа айналдырғандай ерекше әсер етеді. Ауылдан небәрі 12 шақырымдық жерде тұрған осы мәдени мұраны сақтауға Аякөз ауданына қарасты «Қазақстан» қой совхозы басшыларына, жергілікті жұртқа, бұл ескерткіштерді көріп, біліп  көздің қарашығындай сақтап жүрсе екен тілек айтар едік.

Бұл маңайдағы әлі қаағаз бетіне түсіп көрмеген мәдениет, тарих мұраларының бірі Тас кемпір мен Тең болып саналады. Ол Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кешенінен есептегенде 110 шақырымдық жерде, Үшбұлақтан 20 шақырым жердегі Ортакөң тау шатқалында орналасқан.  Жан жағы шілікті, қамысты, жалғыз аяқты жолмен күншығысқа жүрер жол бар. Бұл жерде  тасты тесіп сылдырап аққан  мөлдір  бұлақ бар. Сан алуан сайраған құстар үні, жабайы алма ағаштары бәрі де осы бір табиғаттың меңіреу тыныштығының бір тамаша көрінісі іспетті. Әлден уақытта жолаушы басындағы тақия түсер, жоғары қараса екі жағы да шатқал биік жартасты құздың ортасына тап болады. Сонда жолаушының көзіне бірден түйеге жүк етіп артатын кәдімгі тең көрінеді. Адам шыға алмас жерге бұл теңді әдейі қойғандай әсер етеді. Ал құз жартастың сол жақ иығында дәл тең тұрған биіктің қатарында жазық далаға қарап,  басына сәлде жамылғысы бар тас кемпір тұр.  Екеуі де тастан жасалынған скульптуралық бейнелер. Тең мен Тас кемпірді іздеп жүріп таба алатын бұл өңірде бір ғана адам бар. Сол адамның көрсеткені бойынша бір топ балалар сиыр бағып жүргенде оларға қызықтамай өткен күніміз болмаушы еді.  Мұның бәрі де бала кездегі жай қызықтаушылық еді. Енді ер жеткен соң туған өлкеңмен сырласып табиғаты мен мұра мәдениетін қастерлеу, көне қазынаны халық игілігіне жарату парыз ғой.  Осы баға жеткісіз мұраларымыздың әлі күнге дейін ел аузына ілінбегені, зерттелмегені қынжылтады. Уақыт өткен сайын қатал дала табиғаты әсерімен тас ескерткіштердің мүжіле беретінін қатты ескеруіміз керек.

Осы өңірдің тағы бір тұнып тұрған қазынасы ол тастағы таңбалар. 1968 жылы арнайы бес күн жүріп айналасы 30 шақырымдық жерден 1500 таңбалы тас  тауып әр таңбалы тас бейнеленген жерді картаға түсіріп алдық.  Тастағы суреттер негізінен тұрмыс- салт болып келеді. Түйе мінген, қой баққан адамдар, аң аулаған, садақ тартқан аңшылар, жолбарыс қуған батырлар және түрлі үшбұрышты, дөңгеленген алуан түрлі кескен-сызық суреттері болып келеді. Сол сапарымда дәптеріме қарындашпен екіжүзге жуық таңбалы тас суреттерін және тас мүсін суреттерін салдым. Ол суреттерім Үшбұлақ-Таскескен таңбалары хақында  «Лениеншіл жас» газетінің 1969 жылғы 27 июнь күнгі санында жазған мақалада газетке пайдаланылды. Ал сурет салған дәптерлерім кәзір «Лениншіл жас» газетінің архивінде сақтаулы тұр.  Амал не арнайы үн көтерген сол мақалаға орай Әлкей Марғұланнан басқа  селт етіп қозғалған археолог зерттеушілер болмады.     Әлкей Марғұлан мені бірден үйіне шақырып әңгімемді тыңдады. «Жазғандарың аса құнды материал болып шықты, Таскескен ауылының көне мәдениетін аштың қалқам», деп арқамнан қағып, бата беріп, сәт сапар тіледі.

Сол өңірдің тарихын және мәдени мұраларының білгірі Қарақол қой совхозының Бас зоотехнигі Төкен Тілеуғазиннен көп кеңестер алуға болады. Ол екеуіміз бұл өңірдегі мәдени мұраларды кез келген уақытта тауып беру картасын жасадық. Ол карта арқылы әрбір тас мүсін, тас шарбақтарды, таңбалы тастарды оп-оңай тауып алуға болады. Карта біздің қолымызда. Бірде Төкен 1950 жылы болған мына бір оқиғаны еске алған еді. Таскескеннен 20 шақырым жерде жер жыртып жүрген Мұхаметқали Шалқарбаевтың бригадасы ойда жоқта жер жыртып жүргенде, жазық тың жерде жатқан қазандай үлкен қара тасқа тап болады. Соқаның тісі тиген қара тастан күңгірлеген үн естілген. Тракторшы жігіт түсе қалып қараса бұл тас жазық жерге, топырақты жерге әдейі әкелінгенін аңғарған. Алайда ол жігіт тіпті трактор күшімен күңгірлеп тұрған тасты орнынан қозғалта алмаған. Ертеңінде Шалқарбаев арнайы трактор бөліп, жігіттермен келіп тағы да әрекеттенгенімен тасты орнынан қозғалта алмаған. Олар күңгірлеген тастың астында үлкен үңгір бар, деп тұжырым жасаған екен. Неге десеңіз  тасқа қол тигізсе тас астынан күңгірлеген дыбыс шығады.  Бірнеше күн әуреленген егінші жігіттер колхоз бастығына арнайы келіп, құпияны ашуға көмек сұраған. Мезгілінде көмек берілмеген. Жұмбақ үңгір, жұмбақ күйінде жер астында қала берген. Жылдар жылжып өтуде. Ден қойып іздесе ол үңгір орналасқан жерді кәзір де білетін адамдар бар. Табуға болады. Кім біледі?  Бәрі де сыр жасырған, тұңғиықта жатқан мұралар.

 Қадірлі Амантай!  Сізге айтар сырымды осылайша ашып айттым. Туған өлке кімге де болса ыстық қой. Ал оның көнеден жеткен тарихи мұрасын қастерлеу, сақтау, халық игілігіне жарату өзіңіз айтпақшы бәрімізге де парыз. Сіз ой тастаған тас мүсіндер жайлы және жалпы осы тұрғыдағы мәдени мұрамыз жайлы өз атымнан аз да болса үлес қосып сол тарихи куәләрді көпшілік біле жүрсін деген оймен осы мақаланы тәмәмдаймын.

 

Жарқын Шәкәрімов

Құрманғазы атындағы өнер институтының

V курс студенті.

1973 жыл. Алматы

 

969 рет оқылған
Пікірлер саны: 2
avatar
1
Керемет мақала. Тарихи деректерге өте бай.
avatar
2
Сәлеметсізбе құрметті Жарқын Шәкәрімов ,мен сізбен тікелей байланысқа шықым келеді.Қазіргі таңда таңбалы тастардың жағдайы қандай ауыр  екенін әр кімге белгілі емес,қазақ тарихының бір бөлігі  осындай жағдайы да болуы мемлекетке ұят жағдай.
avatar
Хостинг от uCoz