Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Жұма, 25.05.2018

Жарқын Шәкәрім Таскескен ауылындағы ауыл театрын ұйымдастырушы

ӘСЕРЛІ ПЬЕСА

Бұл мақала Семей облысы, Аягөз аудынының «Алға» газетінде, 1970 жылдың, 5 наурыз күнгі санында жарияланды.

Жақында Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің клубында Оқытушы Жарқын Шәкәрімовтың ұйымдастыруымен селолық кәсіптік-техникалық училищенің оқушылары «Қызылжардың қорғаны» атты пьеса қойды. Жеке рольдерде К. Әлібаев, Н.Қасыпбеков, А.Сәрсенбин өте шебер ойнады.

Пьеса көсеміміз В.И.Лениннің 100 жылдығы мен Қазақ ССР-ның 50 жылдығына байланысты мектеп оқушылары үшін ерекше әсерлі уақиғаларға құрылғандығымен тартымды болды.

А.Ожарова.  1970 жыл

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп. Таскескен селосы.

Приказ № 103

По СШ имени Ибрая Алтынсарина       от 24 марта  1964 г.

За проведенный концерт не ферме совхоза «Казахстан» Уч-ащы и на ферме совхоза «Каракол» Сартерек объявляю благодарность следующим членам культ. Бригады:

Керейбаевой Закен
Кокебаевой Маржан
Еңсебаевой Камар
Шакаримову Жаркын
Жылкайдарову Оңдасын
Жылкайдаровой
Кожановой

Директор школы: -  /Г.Касенгазин/ 1964 г.

 

АСҚАҚТАҒАН ӘСЕМ ӘН

1962 жылы Семей облысы, Аягөз ауданының "Алға" газетінде жарияланған мақала 

Клуб залы көрермендерге толы. Әрине, олар жас талант иелері күшімен әзірленген концертті көруге құмартуда, сахна шымылдығының ашылуын асыға күтуде. Қазір өнерпаздар да шығады. Ал, сіз, оқушым, сахнаға бүтіндей дерлік оркестр немесе хор капелласы шығады екен деп ойламаңыз. Тіпті де олай емес, сахна өнерпаздары қарапайым ғана оқушылар. Дегенмен олар келешекте артист, биші немесе күйші болмайды деп кім айтар екен, сірә.

Міне сахнаға конферанс те шықты. Саңқылдай көтерілген ашық дауысы концерттің басталуын біраз күтіп қалған көрермендерімізді бірден сергітіп сала берді. Өнерпаздар кезек-кезек шығып жатыр.

Міне ұзынша бойлы, бидай өңді қыз шырқап тұр: Бұл мекткбіміздің әншісі – Заңғайша Керейбаева еді. Ол орындаған «Орамал», және «Қасен-Кәмилә» кинофильмінен «Қасеннің әні» тамаша айтылып көрермендердін дән риза етті.

Биші Қамар Еңсебаева да өнерін көрермендерден аяр емес. Құбылған қимылына қарап отырсаң, самал желдің лебімен тербелген табиғат еркесі гүлді есіңе алып, елестетесің. Иә, ол да тағдыр гүлі ғой. Қамардың орындаған «Қамажай», «Өзбек биі» тамаша шықты.

Залда отырған кейбіреулердің:

Мынау, өзбек қызы ғой деймін, ә? – деген сөздерін құлағымыз шалып қалды.

Ал Маржан Көкебаеваның орындаған әндері ше, ол да алғысқа ие болып, достарының беделін бір саты жоғарлатуда. Оның әндері де клуб залында, көкке көтерілген қырандай қанат қақты. Тек өз ауданында ғана емес, Маржан облысқа, республикамыздың астанасы – Алматыға да өнер қанатымен самғай ұшқан талантты жастың бірі.

 Тек би мен ән емес, адам ойына-ой қосатын, сана-сезіміне қозғалыс салып, көңілін өсіретін еңбектері де бар достарымның.  Ол еңбегі – «Керемет» пьесасы. Пьеса адалдықты, кішіпейілділік пен мейірімділікті көксеп, озбырлық, жалақорлықты әшкерелейді.

Осы пьеса рольдерін тамаша орындаушылар да аз емес. Әсіресе Хасенов, Мұқаматқалиев, Мұқашев сияқты оқушылар талант иелері екенін көрсете білді.

Интермедиялар да тасада қалған жоқ. Шоқабаев пен Теміров орындаған күлдіргі тақпақтар әлде кімдерге шапалақ болып тиіп жатқандай залда көңілді қозғалыс толқыды.

Ал, күйге кезек берелік. Домбырасын мәнерлеп шықты өнерпаз сахнаға...

Жарқынның орындаған күйлері әндер мен билерді осы клубқа бастап әкелгендей. Күйге зейін сала тыңдасаң көңілің серпілгендей. Иә, сазды күйлер адам жанын тебірентпей қояр ма десеңізші. «Сарыарқа» күйінен көсіліп жатқан кең даланы көз алдыңа елестетесің. «Келіншек» атты күйден көңіліңе ерекше қунақ, ойнақы сезім пайда болады. Жарқын Шәкәрімов тек күйші ғана емес, мектебіміздің маңдай алды суретшісі, өлең жазуға да әуестігі бар жас талант. Оның кішіпейілділігі, жарқын мінезі достары алдында қадірін арттыра түседі. Ән, күй, би...

«Өзгеге көңлім тоярсың,

Өлеңді қайтып қоярсың», -дейді ғой Абай атамыз, сол сияқты өлеңсіз өмір аса қызықты болмас еді.

Тек Таскескен селосында ғана емес, оқушылар әрбір фермаға, шалғайдағы еңбекшілеріміз – малшыларға да өнерлерін көрсетті. Үшбұлаққа, Айға, тағы басқа жерлерге барды.

Бұл жазып отырғанымыз тек 9 «А» класс оқушыларының еңбектерінің жемісі. Сондықтан қорыта келгенде, өнер иелерінің жақсы жақтарын айтып, мақтаныш тұтуымыз орынды сияқты.

М.Сұлтанғалиева, С.Буратаева.   1962 жыл.

Таскескен селосы

Мектептің  9 «А» класс оқушысы Жарқын Шәкәрімов жайлы жазылған бұл мақала 1962 жылы Семей облысы, Аягөз ауданыың «Алға» газетінде жарияланды.

 

ТАСКЕСКЕН АУЫЛЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ӨНЕРПАЗДАРЫ ЖАЙЛЫ

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары еді. Ауылда электр жарығы деген әлі болмаған кез. Мектепке барғанда сөмкемізге бір-бір майшам салып аламыз. Кешкілікте соны партаның қағаз тимейтін жеріне қойып шырпымен от тұтатып жағамыз да сабақ оқимыз. Сыныбымыздағы  отыз оқушы, отыз майшам жаққан сәтте сынып (класс) іші осыкүнгі эллектр жарығынан кем болмайтын.

Соғыс аяқтала ауылымызға Вильгелм Эдуардович Брейш деген неміс өкілі музыкадан және суреттен сабақ беретін мұғалім болып келді. Біздің бағымызға қарай өнер мен мәдениет тануда осы Брейш көзімізді ашты.

Брейш кешкілікте майшамымызды жақтырып қойып, небір алуан, түрлі сурет салуға үйретті. Мен өз басым Брейштен үйренген тәсілмен Ыбырай Алтынсаринннің, Абайдың, Лениннің, Маркстың суреттерін салып, мектебіміздің суретші оқушысы атанған кездерім де болды.

Брейш музыкадан да сабақ беріп көзімізді ашты. Ол Таскескенге Семейден пианино  алдырып, оқушыларды прианино ойнауға үйретті. Осылайша сурет салудың қыры мен сырын және музыка танудың қыры мен сырын Брейш ағамыздан үйреніп алдық. Бетховен, Гайдн, Глюк, Чайковский деген композиторлар болғанын алғаш рет осы Брейш айтты. Жырақта, шалғайда жатқан ауыл балалары Еуропа композиторларын не қылайық, бұ кісі не айтып тұр, деп таңданатынбыз.

1962 жылы ауылымызға Қытай елінің Шыңжаңының Шағантоғайынан Баяхмет Торсықбаев деген қарияның отбасы қоныс аударып келді. Оның Сапаржан деген үлкен баласы бармағынан бал тамған домбырашы болып шығып бүкіл Таскескен оқушыларына небір күйлерді үйретті. Соның бірі мен болдым. Сондай ақ ауылымыздан домбырашы бала атанып бүгіндері елімізге танылған дүлділ күйші, консерватория ұстазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Біләл Ысқақ та Сапаржанды ұстазының бірі санайды.

Таскескенде жүріп мен ауыл жастарымен мектеп оқушыларының басын қосып, ауыл театрын ұйымдастырдым. Сахнаға алғаш шығарғаным Қошке Кемеңгеровтың «Алтын сақина» пьесаса болды. Брейштен үйренген сурет салу әдісімен пьесаның декорациясын дайындап, афишасын өз қолыммен жазып, көшенің әр бұрышына іліп қойдық. Ауыл жастарын сондай ақ оқушы балаларды рөл ойнауға үйреттім. Осылайша «Алтын сақина» пьесасын сахнаға шығардық. Заңғайша, Маржан, Қамар, Оңдасын деген оқушы балалар рөлдерін өте сәтті ойнап шыққаны, жұртшылықтың алғысына бөленгені есімде.

Таскескенде ауыл театрын ұйымдастыруыма 1964 жылы Қарағандының облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрының актерлер дайындайтын студиясына түсіп соны оқып бітіруім себеп болды. Қарағандының облыстық театрында рөлдер ойнап тәжрибе жинақтадым. Ендігі жерде сол оқыған білімімді туған жерім Таскескеніме арнап ауыл театрын ашқан себебім сондықтан.

Осылайша ауылымыздың ауыл театрын ашқан адам есебінде ауылымыздың мәдениетін дамытуға да үлес қостым.

Сол бір жылдарда Таскескендегі оқушы бала  Әубәкір Рахимов сол ортада жүріп үлкендердің ақ батасымен, өнерге қанат қақты. Әубәкір, өнер жолына деген талпынысын білдіріп, өнер оқуына барағысы келетінін айтып, Қарағандыда жүргенімде маған хат жазған да кезі де болған. Әубәкірдің театр өнеріне талпынғаны соншалықты ол оқуды әуелі Алматыда М.Әуезов атындағы Акдемиялық театрда бастап, одан соң Мәскеудің Луначарский атындағы тетр өнері институтының режиссерлік факультетін бітірді. Бүгіндері ол сахнаға 100-ге тарта пьесалар мен спектакльдер шығарған шын мәнінде қазақ театр өнері бастауына жеткен қайраткер дәрежесіне көтерілген тұлға. Ол қажымай-талмай жүріп М.Әуезов атындағы Акдемиялық  театрдағы көп жылдар бойғы еңбегінің арқасында, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына ие болды. «Парасат» орденінің иегері. Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Сүйтіп Таскескен ауылы туралы әңгіме бола қалса, Республикамызға танылған дүлдүл күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, үлкен ұстаз Біләл Ысқақов тәрізді,  Әубәкір Рахимовты да бүгінгі тілмен айтқанда Таскескен ауылынан шыққан алтын жұлдызды інілерімнің бірі ретінде мақтан тұтамын.

Жарқын ШӘКӘРІМ

 

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры жанындағы актерлер дайындайтын студия оқушылары. Ортада ұстазымыз Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі актриса Әсия Абылаева және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері режиссер әрі актер Күсейін Теміров. Сол жақта түрегеп тұрған Тілектес Мейрамов, жамбастап жатқандардың бірі Жарқын Шәкәрім. 1965 жыл.

 

 Сәкен Сейфуллин атындағы драма театры әртістері жазғы гастрольдік сапарға шығар алдында, 1966 жылы театр жанында естелік суретке түсті. Орта тұстан көрінген қалың қою шашты жігіт Қазақстанның Халық әртісі Жұмабай Медетбаев. Оң жақ шетте тұрған қою шашты жігіт Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім. Дәл ортадағы көңілі шалқыған, елімізге танылған, әйгілі актриса  Қазақстанның Халық әртісі Әсия Абылаева. 1966 жыл. Қарағанды қаласы.

 

Қуаныш Бектұрсынов пен Жарқын Шәкәрім "Алдар көсе" пьесасында.

 

Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі Әнуәр Шәймерденов пен Жарқын Шәкәрім "Арбасу" спектакльінде.

 

Жарқын Шәкәрім "Ертарғын" спектаклінде. Ортада Күсейін Теміров.

 

Таскескеннің өнерпаз жастары.

Әубәкір Рахимов өнерпаз қыздар ортасында.

Таскескен ауылының жұлдызды әншілері Заңғайша Керейбаева мен Маржан Көкебаева.

Таскескенде өте жақсы үлгеріммен оқыған 8-ші сынып оқушылары: Көкенай, Қасқырбай, Қарсақбай. 1958 жыл.

Хостинг от uCoz