Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Дүйсенбі, 28.05.2018

ЖАРҚЫН ШӘКӘРІМ

ТЕМІР-ШЕРКЕШ

К Ү Й І Н І Ң    А Ң Ы З Ы

«Темір - Шеркеш» күйінің  авторы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының Академигі, музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрім Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны 1973 жылы профессор Құбыш Мұхитовтың класы бойынша бітірген. Әйгілі күйші, композитор, дирижер Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтай, Сәдуақас Балмағамбетов, Алтынбек Қоразбаевтармен қатарлас жүріп, оқып білім алады. Құрманғазы атындағы консерваторияның сол кездегі қадірменді ұстазы, әйгілі күйші Қали Жантілеуовтың қолынан тікелей күйлер үйренеді.

1980 жылы шаңырақ көтерген Республикалық халық музыка аспаптары мұражайының тұңғыш директоры болып, сол жылы «Сазген» фольклорлық ансамблін ұйымдастырды.     

1997 жылы Алматыдағы «Шартарап» баспасынан Сырым Датовқа бата берген Қараман Тана Малайсары би мен оның бүгінгі ұрпағы әйгілі күйші Шәміл Әбілтай туралы зертеу кітабын жазып жарыққа шығарды.    Жарқын Шәкәрімнің шығармашылығы жайлы Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының ІХ томының 473 бетінде жазылған. Содан мағлұмат алуға болады.

Құлсарылық Шеркеш Отар Қабылұлының Талапбек есімді ұлы Алматының Архитектура - құрылыс институтында оқып жүрген кезінде Жарқынның туған ағасы Марат Шәкәрімнің қызы Бақытгүлмен табысып, қыз ұзатылып, бала үй болып отау көтереді.  Талапбек кәсіпкерлікпен айналысып ел азаматы атанады. Мөлдір есімді қызы Лондонда білім алуда. Ұл баласы Темір әке жолын қуып кәсіпкерліктің оқуын оқуда. Осылайша Жарқын Шәкәрім Шеркеш елімен құшақ жайып құдандалы болады.

«Темір - Шеркеш» күйінің аңызы:

Тәуелсіздік таңымен келген жаңа заманда, жаңа ұрпақ бой түзеді. Осындайда Шеркеш елінің өткен ғасырлардағы аты аңызға айналған Бекбенбет би, Құрманғазы қиналғанда таяныш болған, алты алашқа аты мәлім Мақаш Правитель, күні кешегі әйгілі ақын Тайыр Жароков, заңгер ғалым, академик Салық Зиманов, қоғам қайраткері Ғаділбек Шалахметов тәрізді он екі ата Байұлының  Қыдырсыйығының  баласы Шеркештен тараған ата буын  ойға оралады. Енді, міне сол елден шыққан бүгінгі жастар – қазақтың болашағы. Жастықтың жалынында жүрген Темірлер. Сондықтан да Жарқын Шәкәрім - Шеркеш елінің кешегісі мен бүгінгі рухына арнап, музыка тілімен екпіндете, тебірентіп күй арнады.  «Темір-Шеркеш» деп айдар тағып бүкіл қазақ елінің рухын көтерісуге ат салысып жүрген Шеркеш елінің бүгінгі ұрпағына  арнағаны.

«Темір- Шеркеш» күйі автордың өзінің айтуы бойынша «Шеркеш» күйі деп те аталып жазылады.«Шеркеш» күйінің авторы жайлы, және қалай шығарылғаны жайлы сондай ақ ноталық үлгісі келтіріліп, алғаш рет Атырау облыстық «Кең Жылой» газетінде жарияланды.  («Кең Жылой» газеті, 2011 жыл, 3 ақпан)

Күйді оркестрге лайықтаған Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жамағат Темірғалиев.

«Шеркеш» күйі Құрманғазы атындағы  Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің және Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің  репертуарына енді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Жанас Бекентұров пен Мүсілім Әмзенің  дирижерлік  етуінде концерттерде орындалды.

Хостинг от uCoz