Қош келдіңіз Тіркелу RSS

Жарқын Шәкәрім | Авторлық сайт

Сейсенбі, 20.02.2018

Мұхамеджан ТІЛЕУХАН.  1971 жыл

Осыдан 42 жыл бұрын яғни ХХ ғасырдың 1974 жылы, 19 наурыз күні «Лениншіл жас» газетінде жас күйші Мұхамеджан Тілеуханов жайлы осы фотосуретімен «Толғауы тоқсан» деген мақалам жарияланды.

Мұхамеджан жайлы жазған сол мақаламды оқи отырыңыздар.

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН

1971 жылдың шілде айының аяғы болатын. Жүсіпбек Елебеков басқарған бір топ әртістерімен жаз бойына Жамбыл облысының еңбекерлеріне концерт қойып, Жаңаарқаның жеріне жеткен едік.     Жаңаарқа ауданының орталығына ойын қоя келе Әбікен күйлерін тартады деген соң күйші Мұхаммеджандыкіне аялдадық. Керемет қызықты сәт Мұхамеджан төргі тұс кілемде ілінген үкілі қоңыр домбыраны қолына алған соң басталды. Дабыр-дұбыр су сепкендей басылды. Үн жоқ. Маңай тыныштыққа тұнды-ау деген сәтте Мұхамеджанның өзі де ойлана қалды да қос ішектің төменгі ми нотасынан бас бармақпен нығыздай басқан жерінен аса бір азалы үнді еңіретіп бастады. Сазды үндер құлақтан кіріп бойды алды.    Сол отырыста Мұхамеджан Әбікен тартқан күйлер репертуарының бәрін де алдымызға жайып салды. Қоштасар сәтте аса риза болған Жүсекең; «Қарағым, жетпістің белін бассам да көп күйшіні көріп келіп едім, соның ат басы үздіктерінің бірі сен болып шықтың. Мына өнеріңе аса риза болып қуанып тұрмын. Талабыңа нұр жаусын!» – деген еді.

Шындығын айтсақ, Мұхамеджан өнері көз алдымызда дамыды. Алпысыншы жылдардың ортасында Қайрат, Қажыбек, Әскербек, Жәнібек тәрізді әншілерді тапсақ, Шәміл Қаршыға, Төлеген, Генерал тәрізді күйшілер белгілі болды. Халық мұрасының ән-күй дәстүрлерін сақтауда бұлардың әрқайсысының өз мәнері бар. Бәрі  бар өмірін өнер жолына арнап бел буған өнер саңлақтары.   Солармен үзеңгілес шыққан Мұхамеджанның да өз ерекшелігі бар. Ең әуенлі ол Тәттімбет күйлері мен Әбікен Хасенов орындайтын күй репертуарын толық меңгерді. Шертпе күйдің атасы ретінде атақты Біржан салдың мадақтайтыны Тәттімбет болса, оның да бірталай күйлерін сарымайдай сақтап бізге жеткізгендердің бірі осы Мұхамеджан. Тәттімбет күйлерін естиміз деп Мұхамеджанды әуелі қаумалағандар өз ауылының қариялары болды.     Содан бастап күйші есімі ауыздан ауызға ілініп, аталына келе астанаға жетті. Мұхамеджан Алматыға бірде арнайы шақырылса, бірде өз жұмыс бабымен келеді. Келген сайын күй сүйгіш қауымның елеңдемейтіні болмайды. Ұлы ақын Жамбылдың 125 жылдық торқалы тойына ол арнайы шақырылып, сонда тартқан күйлері музыка мамандарын елең еткізді.      Мұхамеджан музыкалық білім алмаған күйші. Саусақтары салалы, перне басқаны салмақты келеді. Мұхамеджанның музыкалық тілі - оның жүрегінде. Музыканың минор бітімінде келетін Тәттімбеттің табиғат лирикалары, Тоқаның толғаулары мен Сүгірдің мұңды ырғақ әуендерінің мазмұнын ашу үшін, көмейдегіні айтқызбай жеткізетін жүрек керек, сезім тебіренісі  керек. Осы тұс күйшінің шыншылдығын, орындаушылық ерекшелігін паш етеді.

Мұхамеджан тікелей Әбікеннен күй үйренбесе де тыңдаушыға Әбікенше тартатыны бірден білінеді. «Саржайлаудан» бастап «Алшағыр», «Сылқылдақ», «Бестөре», «Дайрабай», «Қоңыр», «Қосбасарлар» және көптеген күні бүгінге дейін белгісіз болып келген күйлерді тартуы орындаушы ауқымының кеңдігін көрсетеді.    Қай күйші болмасын өзіндік ерекшелігі болады дейміз. Олай болса Мұхамеджанды - «Күйші Мұхамеджан» дегізген сөзді мойындауды ол Тоқаның он күйін орындағаннан соң бастаймыз. Тоқа - өткен ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген «Сайдалы сары Тоқа», деген атпен халықына танылған, белгілі композитор. Мұхамеджанның тартатыны Тоқаның белгісіз боп келген «Төрт толғау», «Саржайлау», «Бозайғыр», «Қосбасар» күйлері еді.      Жамбылдың 125 жылдық тойында алғаш рет орындалған квинта бұрауындағы «Бозайғыр» күйі мен кварта бұрауындағы «Төрт толғау» күйі жұрт назарын өзіне бірден аударды.     Он екі жасар ұлының құдықтағы суға құлап, қайғылы қазаға ұшырағанда шығарған Тоқаның «Төрт толғау» күйі, «Естірту», «Жоқтау», «Арнау», «Зарлау» болып төрт бөлімнен тұрады.  Бұл өзі біржарым, екі минутта біте салатын күйлердей емес, сегіз, он минутқа созылатын әуен ырғағы қайғы-шерді тереңнен қозғайтын,  психология мен философиясы қатар қамтылатын  музыканың толғау деген жанрын арқау еткен шығармалар.  Кәдімгі үш-төрт бөлімнен тұратын ірі симфония тәрізді мұның да сазы бір бөлімнен екінші бөлімге үндесе өтіп, бірі-бірін толықтыра, айтатын ойды дәлелдей түседі.      Мұхамеджанның жеке күйлер пластиакасы жарққа шықты. Бес мыңдық тиражбен келген алғашқы пластинкалары тез өтіп кеткені соншалықты, тіпті бірер күннен соң дүкендерден таппадық. Жақында Мұхамеджанды арнайы шақыртып, Тоқа күйлерінің пластинкасын шығарту мақсатымен тағы да күй тартқызып, пленкаға жаздық.

Біз жоғарыда өнер Мұхамеджанның негізгі мамандығы дедік. Ал, оның оқыған мамандығы бухгалтер. Алматы халық шаруашылығы институтын ойдағыдай бітіргеннен бері Жаңаарқа ауданы орман шаруашылығының Бас бухгалтері болып қызмет атқарып жүр. Бірде біз оған ойда жоқта:- Өзің бухгалтерсің, осы сен күйге қайдан үйір болдың? – дегенімізде ол әуелі жымия күлді де: Бухгалтерлік жұмыс мамандығым ғой, ал өнер мені жастай мәпелеп өсірген мәңгілік серігім. Оған үлкен жүрек керек, тек жүректен шыққан саз ғана жүрекке жетеді. Он төрт жасымда бір көзімнен айрылып Қарағанды ауыруханасында айға жуық жатқанымда құлағыма Тәттімбет пен Әбікен күйлерінің ырғақ әуендері естілетіндей еді. Өңкей бір үзіліп тұратын қоңыр күйлердің сарыны құлағыма әуендеп келіп босаған көңілімді көтеруші еді. Құлағыма келген сол бір әуендер жан жылытатын  серігімдей болды. Алғашында, Иманақ тауының бауырында болып өткен Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдық тойына арнайы шақырылып күй тарттым. Содан ауданға, одан обылысқа, енді міне, Республикамыздың астанасы Алматы жұртшылығы алдына келіп күй тартып жүргеніме шексіз қуаныштымын, - деп, сөзін қайырды.

Ауыл жақсыларының береген ақ тілегі мен  Жүсекеңнің айтқан сол бір аталы сөздері Мұхамеджанның бұдан былай да бағытқа ұстар сара жолы болмақ.

"Лениншіл жас" газеті. 1974 жыл. 19 наурыз. Алматы.   Жарқын ШӘКӘРІМ

Хостинг от uCoz